Қазақстандық десанттар Гималайға парашют қондырды

Қазақстандық десанттар Гималай шыңына парашют қондырды.

«ҚазҮнді-2024»  әскери оқу-жаттығуында ефрейтор Балжан Мұсатаева мен Маржан Сайранова тау басындағы алаңға дәл түскен.

Десант шабуылдаушылар теңіз деңгейінен 3200 метр биіктіктен қару-жарақпен секіріп, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындады. Балжан түрлі парашют жүйелерімен әуеден жүзден аса секірген тіс қаққан тәжірибелі нұсқаушы атанып үлгерген. Ал Маржан болса халықаралық жаттығуға алғаш қатысып отыр. Дегенмен көрсеткіштері басшылықтың көңілінен шықты. Үндістанда өтіп жатқан әскери жаттығуға Қазақстан Қарулы күштері атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары мен десанттық-шабуылдаушылардан жасақталған рота қатысып жатыр. Екі елдің  әскери қызметшілері тау дайындығы тәжірибесімен бөлісіп, терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша бірлескен міндеттерді орындап жатыр.

Маржан Сайранова, десантшы:

- Мен өзімнің үлкен арманымды парашюттан секіруді осында келіп орындадым. Қазіргі таңда менде 600 метрден 4 мың метр аралығында әр түрлі парашюттік жүйелерден 50-ден астам секірісім бар. Қазіргі таңда біз Үндістандағы оқу-жаттығуларда өз еліміздің күш-қуатын көрсетудеміз. Егер сенің де мен секілді көкте қалықтау арманың болса сені десанттық шабуылдау әскерінің қатарына шақырамын.