Флорида штатында «Милтон» дауылынан 2 адам опат болды

АҚШ-тың Флорида штатында "Милтон" дауылынан соққан торнадо салдарынан 2 адам ажал құшты.

Құрбандар - Снт-Люси округінің тұрғындары.

Аймақта жүздеген үй қираған. Ағаштар опырылып, электр желісі үзілді. 2 миллионнан астам адам жарықсыз отыр. Қозғалыс қиындап, жүргізушілер көлік кептелісінде тұр. Көшелерді су алып жатыр. Билік қоғамдық көлікте тегін және жолдың жиегімен жүруге рұқсат берді. Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды көшіріп үлгермей әлек. Қазір "Милтон" Флориданың батыс жағасына жылжып барады. Мамандар дауыл аймақтағы жағажайлардың 95 пайызына зардабын тигізеді дейді. Толқындардың биіктігі 4 метрге жетуі мүмкін. Штаттың 35 округінде төтенше жағдай жарияланды. Осы сәтке дейін 6 миллион тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Арасында түрмелердегі 5 мың сотталған адам бар. Естеріңізге сала кетейік, өткен айдың аяғында Флоридада "Хелен" дауылы соғып, 230 адам ажал құшқан еді.

Дана Асқар, Майами қаласының тұрғыны:

- Флорида штатында мұндай дауылдар жиі болып тұрады. Оған үйреніп кеттік деуге болады. Біздің қаладағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. Себебі біз эпицентрден 4 сағаттық жерде тұрамыз. Сонда да мұнда жел көтеріліп, жаңбыр сіркіреп тұр. Халық дүкендерге барып керек-жарағын алып, қамданып жатыр. Жергілікті билік те керек азық-түліктің сөрелерден табылуы үшін барынша жағдай жасап жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, ата-анама алаңдамаңыздар дегім келеді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- «Милтон» тұтас елдімекендерді жермен жексен етіп, адамдардың өмірін қию қаупін төндіріп тұр. Сондықтан барлық адамдарды қауіпсіздік талаптарын толық сақтауға шақырамын. Кісілерді қауіпсіз жерге көшіруде қиындықтар туып жатқан болар. Тұрғындарға дауылдан сақтану үшін өз бетімен әрекеттену керек.

Чак Уэйд, Флорида штатының тұрғыны:

- Түнде су сатып алайық деп супермаркетке барғанбыз. Бірақ бәрін алып кетіпті. "Хелена" дауылы басылған бетте «Милтон" дауылы келіп жатыр. Ес жиып үлгерер емеспіз.