Америкалық музыкант домбырадан күй төгілтті

Әлеуметтік желіде адай күйін әуелеткен америкалық Астанаға келді.

Джефф Гиеш есімді азамат қазақтың 20 дан аса күйін домбырада емін-еркін ойнайды. Америкалық азамат өзінін ұстазымен бірге елордада концерт өткізбек. Кеште өнерпаздар қазақтың ұлттық өнерімен үйлескен рок-н-ролл бағытындағы туындыларды паш етеді. 

Америкалық музыканттың «Балбырауын» күйін үйренуге екі апта уақыты кеткен. Ал халық күйі «нәр ағашын» тіпті 1 күнде меңгеріп алған. 50 жастағы Джефф Герш екі жылдан бері қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп келеді. Ол: «Домбыраны көріп, өзге аспаптарды менсінбей қалдым», - дейді. 

Джефф Герш, америкалық музыкант:

- Алғаш Адай күйін әлеуметтік желіден көріп қалдым. Маған қатты ұнады. Мен осыны түбінде үйренбей қоймаймын деп алдыма мақсат қойдым. Міне меңгеріп те алдым. Мен домбырадан бөлек гитара мен шамисэнде де ойнай аламын. Алайда қазақтың төл аспабын үйренгелі менің шамисэнге деген қызығушылығым жоғалды. Енді қазақтың барлық күйін, оның тарихын білгім келеді. Айтпақшы қазақ тіліне де ден қойдым.

Иә, америкалық азаматқа домбыра мен тілді қазақтың қаршадай ғана қызы үйретіп жүр. "World Dombyra Academy" жобасының жетекшісі Айгерім Мырзахмет тек шетелдіктерге ғана домбырада дәріс береді. Оның Джефтан бөлек әлемнің 30-дан аса елінде шәкірті бар.

Айгерім Мырзахмет, «World Dombyra Academy» мектебінің негізін қалаушы:

- Шетелдіктерге домбыраны ағылшын тілінде үйретіп, біздің қазақ мәдениетін насихаттап жүрмін. Барлық оқушыларым әртүрлі континенттен болғандықтан онлайн үйренеміз немесе жазылған сабақтар арқылы. Қазір Америкадан келген Джеф шәкіртім көзбе көз үйренуде. Негізі үйрену қиын емес. Шет елдік азаматтарда ұмтылыс көп, талаптары көп. Қатты үйренгісі келеді. Бірнеше практика жасайды.

Осыған дейін домбыраны тек әлеуметтік желіден үйренген Джефф Астанаға келді. Мұндағы мақсат қазақтың төл өнерімен жақынарақ танысу. Сондай-ақ ол ұстазы Айгеріммен бірге елордада жеке концерт өткізбек.

Авторлары: Әлішер Әли, Динара Орынтай