Әлем елдерінде онлайн сауда жүйесі қалай реттеледі?
АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы былтыр тұтынушылардың онлайн саудаға қатысты 5 миллионнан астам шағымын тіркеді, деп хабарлайды 24kz.
Өйткені бұл елде алаяқтар көбейді. Сәйкесінше, тұтынушы тарапынан шағым көп. Әлем елдерінде онлайн сауда жүйесі қалай реттеледі?
Фариза Жанғанаева, тілші:
- АҚШ-ты былтыр онлайн-дүкендерге тұтынушылар тарапынан арыз-шағым күрт көбейді. Оның басым бөлігі интернет-алаяқтық, жасанды көшірме, тауарларды кері қайтару мәселелері, тапсырыстың кеш жеткізілуі сияқты мәселелерге қатысты жазылған. АҚШ-та онлайн сауда Тұтынушы тауарларының қауіпсіздігі туралы заңмен қадағаланады. Ал басты қадағалаушы орган Федералды сауда комиссиясы. Ол істі 3-6 ай ішінде қарастыра алады. Онлайн сауда талаптарын бұзған компанияларға 50 мың долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Қайталанған жағдайда жаза көлемі артады. Былтыр елде 300 миллионнан астам доллар айыппұл салынған.
Ал Кәрі құрлықта қазір Еурокомиссия танымал «AliExpress маркетплейсіне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол денсаулыққа зиян дәрілер сатуы мүмкін деген күдікке ілінген. Сондай-ақ Temu, Pinduoduo және Amazon сияқты ірі онлайн сауда алаңдары да жіті назарда. Мамандар ұялы қосымшаларды қолданғанда абай болуға шақырады. Еуропада тұтынушылардың құқығын 2 негізгі заң қорғайды. Бұлар – Тұтынушылар құқығы туралы нұсқаулық пен былтыр қабылданған Цифрлық қызмет туралы заң. Жалпы ереже бойынша көптеген елде тұтынушы тауарды 14 күннің ішінде қайтара алады. Даулы мәселелер 6 айдан 2 жылға дейінгі мерзімде қаралады. Заңды бұзған компанияларға кейінгі 1 жылдағы табысының 6 пайыздай көлемінде айыппұл салынады.
Іргеміздегі Ресейде онлайн сауда бойынша былтыр бір ғана Мәскеу қаласында 90 мың арыз қаралған. Елде тұтынушылар құқығының сақталуын Роспотребнадзор мекемесі қадағалайды. Арыздар 30 күн ішінде қаралады. Компания шағымға дер кезінде жауап бермесе, оған 30 мың рубль, яғни, шамамен 160 мың теңге айыппұл салынады.
Қытайда онлайн саудада алданған тұтынушылар тауар бағасынан 10 есе артық өтемақы талап ете алады. Бұл ережені Мемлекеттік сауда-өнеркәсіп басқармасы қадағалайды. Арыз-шағым 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімде қарастырылады. Тұтынушы интернет арқылы сатып алған өнімді 7 күннің ішінде қайтарып беруге құқылы. Себебін көрсету міндетті емес. «Синьхуа» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, былтыр Қытайда 900 миллионнан астам онлайн-тұтынушы тіркелген және бұл сауда-саттық түрі ішкі сауда көлемінің 30%-ін құраған.
Авторы: Фариза Жанғанаева