Әлем елдері Ливандағы бітімгерлерге жасалған шабуылды айыптады

Әлемдік қауымдастық Израильдің БҰҰ бітімгерлеріне жасаған шабуылын қатаң сынға алып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Олар еврей елінен әскерін Ливан аумағынан алып кетуді талап етіп отыр. Бірақ соған қарамастан өңірде әскери операциясын жалғастыруда.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Израильдің Ливанда жүрген БҰҰ бітімгерлеріне шабуыл жасауы – халықаралық құқықты бұзу. Әлем елдері осылай деп айыптап жатыр. Израиль әскері БҰҰ-ның уақытша күштерінің бас пәтерін атқылаған. Соның салдарынан екі бітімгер жарақат алды. Ол аздай, халықаралық ұйым сарбаздары отырған бункер де ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың шабуылына ұшыраған. Израиль күштерінің бұл әрекетін әсіресе, Италия мен тағы бірнеше мемлекет қатаң сынға алып жатыр. Ливанда қызмет етіп жүрген 10 мың бітімгердің бір мыңдайы италиялықтар.

Гвидо Крозетто, Италия қорғаныс министрі:

- Израиль қарулы күштерінің БҰҰ-ның базасына жасаған арандатушылық әрекеттері әскери қылмыс болып саналады. Израиль елшісі бұл оқиғаға қатысты нақты түсініктеме бере алмады. Бұл сұмдық жағдай.

Соңғы оқиғаларға қатысты БҰҰ Бас хатшысы да мәлімдеме жасады. Антониу Гутерриш өңірдегі ахуал жаһандық қауіпсіздікке қатер тудыратынын айтты. Ол бітімгерлермен қоса босқындардың жағдайына қатысты алаңдауышылық білдірді. Саясаткер тиісті мәлімдемені Лаостағы Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының жыл сайынғы саммитінде жасады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ливанда атыс-шабыстан бейбіт тұрғындар жапа шегуде. Қарулы қақтығыс құрбандарының саны 2 мыңға таяп қалды. Бір миллионнан аса адам үй-жайын тастап, босып жүр. 170 мыңы Сирияға қашқан. Енді Ливанда ірі ауқымды соғысты болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Бірақ әлемдік қауымдастықтың мұндай мәлімдемелеріне қарамастан, аймақта қарлуы қақтығыс тоқтар емес. Израиль әскері Ливан астанасы Бейрутты қайта-қайта атқылауда. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі шабуылдан 22 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Тағы 100-ден астамы жараланған. Израиль күштері болса, «Хезболланың» үйлестіру және байланыс бойынша жетекшісі Вафик Сафаны нысанға алғандарын айтады. Sky News Arabia телеарнасының хабарлауынша, ол жарақат алып, қазір ауыр халде жатыр. Ливандық ұйым да қарап жатқан жоқ. Ондағылар кейінгі тәулікте Израильге қарай 200-ге жуық зымыран ұшырған. Шабуылдан жарақат алғандар туралы мәлімет жоқ.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева