Перудің экожүйесіне орман өртінен залал келді

Оңтүстік Америкада биыл 350 мыңдай өрт ошағы тіркелді.

Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Тілсіз жаудан Бразилия, Боливия мен Перуде төтенше жағдай жарияланды. Мамандар Перудегі экожүйені қалпына келтіруге жүздеген жыл қажет дейді.

Қазір Оңтүстік Америкада өрт қаупі жоғары маусым жалғасып жатыр. Перуде тілсіз жауға байланысты 2 айға төтенше жағдай жариялауға тура келді. Табиғат апатынан 20 адам көз жұмған. 3 жарым мың гектар егіс алқабы мен жайылым тып-типыл болды. Елде 25 өңір болса, соның 22-сінде 350-ден аса өрт ошағы тіркелген. Тілсіз жаудан археологиялық ескертіштердің біразы бүлінді. 

Мартин Кордова Эррера, Перу археологиялық мұралар орталығының директоры:

"Орман өртінен еліміздің солтүстігіндегі Амасонас өңірі қатты зардап шекті. Тілсіз жауға байланысты археологиялық қазба жұмыстарын тоқтатуға тура келді. Жәдігерлер бүлінген." 

 Тілсіз жау ағаштар мен өсімдіктерге ғана кері әсер етіп жатқан жоқ. Орман өртінен топырақтың құрылымы өзгере бастаған. Мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Олар бүлінген экожүйелерді қалпына келтіру үшін 500 жылға дейін уақыт керек дейді. Ал Анд аюы мен сары құйрықты маймылдарға тіптен жойылып кету қаупі төніп тұр. 

Густаво Адриансен, Перу премьер-министрі:

"Қолда бар мәлімет бойынша, орман өртінен 700-ге жуық жануар өлген. Ал денесін күйік шалып, жарақат алғандарының саны 4 жарым мыңнан асады. Орман өртінен олардың мекен ету ортасына да зақым келді." 

Орман өртінің басты себебі бұл әрине күннің ыстығы мен қуаңшылық екені түсінікті. Бірақ фермерлер де масақ өртеп, жағдайды қындатуда. Одан қалса, кейбіреулер қасақана от қойып жатады. Сондықтан жұрт биліктен бір шешім қабылдауды талап етіп, ереуілдер ұйымдастырған. Бұл ретте Конгрестің қарауына орман өртінің алдын алу және бақылау жөніндегі заң жобасы ұсынылды. Ол қасақана от қойғандарға қатысты жазаны күшейтеді. Сондай-ақ құжатта бүлінген аймақтарды қалпына келтіру шаралары да қарастырылған. 

Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова