Иран СІМ: Тегеран соғысқа дайын

Иран соғысқа толық дайын, дегенмен бейбітшілікке ұмтылады.

Тегеранның мақсаты - Газа секторында және Ливанда бейбітшілік орнату. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Бағдатта ирактық әріптесімен бірлескен баспасөз конференциясында осылай мәлімдеді. 

Аббас Аракчи, Иранның Сыртқы істер министрі:

- Иран Ислам Республикасы соғыстан қорықпайды. Біз кез келген жағдайға дайынбыз. Десе де Тегеран бейбітшілікке ұмтылады.  Газа мен Ливанда бейбіт өмір орнағанын қалайды. Сол үшін де күш салады. Израильдің Газа мен Ливан халқына қарсы соғысы тоқтатылуы керек. Сионистік режимнің қылмысы Газада басталып, Ливанда жалғасып жатыр. Алдағы уақытта ол өзге мемлекеттерге де тарап, аймақтық қақтығысқа ұласуы мүмкін. 

Қазанның бірінен бері Израильдің жаяу әскері Ливанның оңтүстігінде Хезболла күштеріне қарсы операциясын жүргізіп, әуе соққыларын жалғастырып келеді. Содан бері 2 мыңнан аса адам қаза тапты. Олардың арасында қозғалыс көшбасшылары да бар. Елдегі қарулы қақтығыстан 1 млн-нан аса тұрғын босқынға айналды.