Жасанды интеллектке тұрақты энергия көзі қажет
Болашақта жасанды интеллект кеңінен қолданылатындықтан АЭС секілді тұрақты әрі сенімді қуат көзі қажет.
Германиядағы Бонн университетінің климат, энергетика және ресурстық қауіпсіздік кластерінің зерттеу жетекшісі осылай дейді. Энергетика саласында 30 жылдық тәжірибесі бар Доктор Франк Умбах әлемде 24 сағат бойы қуатты тұрақты өндіре алатын нысандарға сұраныс артатынын алға тартады. «Себебі келешек энергияға тәуелді цифрлық технологиялардың дәурені», - дейді ол.
Франк Умбах, Бонн Университетінің Еуропадағы климат, энергия және ресурс қауіпсіздігі кластерінің зерттеу жетекшісі:
- Алдағы 20 жылда жасанды интеллектің қаншалықты кең қолданылатынын қазірден-ақ байқауға болады. Ал оны пайдаланатын технологияларға электр энергиясы ауадай қажет. АҚШ-тағы алпауыт компаниялар қазірдің өзінде болашақта Америкада электр қуаты жеткілікті мөлшерде бола ма, жоқ па деп уайымдауға көшкен. Олар үшін 24 cағат бойы тұрақты әрі қауіпсіз түрде энергия өндіретін көз - Атом электр станциялары болып отыр. Сондықтан қазір цифрлық алпауыттар ұзақ мерзімді электр көзін тұтынуды назарға ала отырып АЭС-термен жеке келісімге келген. Ал бұл қадам АЭС келешегіне зор инвестиция құюға тамаша алғышарт.
«Цифрлық технологиялар тоқтаусыз дамып келе жатқан заманда уранға бай Қазақстанның АЭС секілді тұрақты әрі сенімді энергия көздерін дамытуы аса құптарлық жағдай», - дейді профессор. Оның сөзінше, геосаяси ахуал күрделеніп, санкциялардың саны артқан кезде көп-векторлы саясатын сәтті жүргізіп отырған Қазақстан уран саудасының баламалы бағыттарын да дамытуы керек. Батыс елдері үшін де бұл аса маңызды деп түйіндеді неміс сарапшысы.