Халық саны ең көп 3 ел мақта өндіруде көш бастап тұр
Өндіріс бойынша Қытай көш бастап тұр.
Оған әлемдік үлестің 25 пайызы тиесілі. Яғни жылына шамамен 6,5 млн мақта өндіреді. Одан кейінгі орында - технологиясы ескірген және арзан жұмыс күшіне тәуелді Үндістан. Үздік үштікте - АҚШ. Жылына 3,8 млн тонна өнім беретін Пәкістан төртінші орында тұр. Озық бестікті Бразилия түйіндейді. Кейінгі 5 орынға Өзбекстан, Түркия, Сирия, Грекия мен Түркіменстан табан тіреген.
Мақта өндірісі бойынша әлемдегі үздік 10 ел:
1 Қытай
2 Үндістан
3 АҚШ
4 Пәкістан
5 Бразилия
6 Өзбекстан
7 Түркия
8 Сирия
9 Грекия
10 Түрікменстан
Мақта экспортында Өзбекстан үздік бестікте
Экспорт бойынша көрініс сәл басқаша. Мақтаны сыртқа шығарудан АҚШ алда. Әлемдік экпорттың 34 пайызы осы елдің еншісінде. Екінші және үшінші орында Бразилия мен Үндістан тұр. Австралия төртінші орынға жайғасса, ала тақиялы ағайындар бесінші орынды бермей тұр.
Мақта экспорты бойынша әлемдегі үздік 5 ел:
1 АҚШ
2 Бразилия
3 Үндістан
4 Австралия
5 Өзбекстан
Әлемдегі мақтаның 23% Қытай сатып алады
Мақта өндіруден алдына жан салмайтын Қытай импорт көлемі бойынша да ең алдыңғы орында. Ол ғаламдық өнімнің 23 пайызын сатып алады. Бангладеш те Қытайдан қалыспайды. Үшінші орында - Вьетнам. Тағы 2 мұсылман елі - Индонезия мен Түркия да мақта импортынан үздік бестікке кіреді.
Мақта импорты бойынша әлемдегі үздік 5 ел:
- Қытай
- Бангладеш
- Ветнам
- Индонезия
- Түркия
Өзбекстанда мақта теруге мәжбүрлеген әкім жазаланды
Мақта жинауға қатысты Өзбекстанда шу шықты. Қашқадария облысы Шахрисабз ауданының басшысы тұрғындарды мақта теруге мәжбүрлеген. Тіпті жұмысқа шықпасаңдар балаларға берілетін жәрдемақыдан қағыласыңдар деп доқ көрсеткен. Дау - Парламентке дейін жетіп, іске Сенат араласты. Заң шығарушы орган бассыздықты тоқтатып, аудан басшысына 18 миллион 750 мың сом айыппұл салды. Елдің Еңбек министрлігі мақта теруге мәжбүрлеу фактісі бойынша кез келген уақытта хабарласуға болатын жедел желіні іске қосқан.
Шадман Намазов, Мақта өсіру ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Мақта шаруашылығы Өзбекстан экономикасында маңызды рөлге ие. Еліміздің аумағында мақта біздің заманымызға дейінгі III-IV ғасырлардан бері өсіріліп келеді. Бірақ республика билігінің жаңа саясатының арқасында кейнігі жылдары ғана мақта өндірісінде үлкен жетістіктерге жете бастадық.
Өзбекстанда мақта терудің төлемақысы өсті
Иә, Өзбекстанда мақта шаруашылығында ілгерілеушілік бар. 9 қазанан бастап елде мақтаны қолмен терген адамға төленетін ақы көлемі өсті. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір 1 келі мақта жинаған адам 2 жарым мың сом алады деп мәлімдеді. Бұл шамамен 95 теңге 500 тиын. Бұрын 2100 сом төленетін.
Халықаралық ұйым әлемдік брендтерді Түрікменстан мақтасын сатып алмауға шақырды
Мақта теруге қатысты мәселе Түрікменстанда да бар. Мақта – бұл елде газдан кейінгі екінші ірі экспорт тауары. Былтыр 1 млн 25 мың тонна өнім жиналған. Бірақ сарапшылар бейнеті мол іске адамдардың қол күші жиі пайдаланылатынын айтады. Халықаралық "Мақта науқаны" атты ұйым әлемдік брендтерді Түрікменстанның мақтасын сатып алмауға үндеу тастады. Түрікмен елінде мақта теру науқаны тамыздың аяғынан желтоқсанға дейін созылады екен.
Түрікменстан үкіметі он мыңдаған шаруа, бюджеттік сала, оның ішінде мектеп пен аурухана қызметкерлері мен басқа азаматтарға мақтаны мәжбүрлеп тегін жинатады. Бұл адам еңбегін қанау. Мақта теруден және өндіруден жалтарған шаруаларды "Айыппұл саламыз, жерін тартып аламыз" деп қорқытады.
Мұғалім сияқты бюджет қызметкерлерін мақта теруге мәжбүрлеу бұрын Өзбекстанда да қатты белең алған еді. Бірақ әлемдік брендтер жаппай бойкот жариялап бұл бассыздыққа тосқауыл қоя білді. Бойкот Түрікменстан билігін сабасына түсіре ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.