Әлемде еңбек нарығы өзгеріп барады

 

Оған адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған технологиялық жетістіктер әсер етіп жатқаны айтпасада түсінікті.

Түрлі тенденциялар мен жаңа бағыттар қалыптасып жатыр. Жаңа мамандықтар пайда болып, оған деген сұраныс артуда. Сонымен болашақтағы еңбек нарығы қалай болады?

Соңғы жылдары әлемдік еңбек нарығында қашықтан жұмыс істеу үрдісі мен еркін табыс экономикасы кеңінен көрініс берген жаңа мамандықтар пайда болды. Соның бірі ақпараттық технологиялар саласы. Әсіресе жасанды интеллект, машиналық оқыту мен мобильдік қосымша жасау бағыты. Сондықтан осы саланың мамандарына деген сұраныс пен оларға ұсынылатын жалақы да бүгінде әлем бойынша өте жоғары. Деректерді талдап, өңдей алатын және цифрлық қауіптердің алдын ала алатын инженерлер де жұмыс берушілер көп іздейтіндер қатарынан.

Сұранысқа ие мамандар тізімінде медицина саласының өкілдері бар. Кейінгі жылдары әлемде ақ халаттыларға сұраныс айтарлықтай артып келеді. Сарапшыларға аталған салада  роботтар кеңінен қолданылып жатыр дегеніне қарамастан, дәрігерлердің орнын басуы әзірге екіталай. Сондықтан адам баласының денсаулығын күту медицина қызметкерлерінің қолында қала бермек. Қолда бар мәлімет бойынша, әлемде халық санының өсуі мен қарт кісілердің көбеюіне байланысты алдағы уақытта дәрігерлер, медбикелер мен фармацевтер деген одан сайын артады. Қазірдің өзінде мұндай Германия, Жапония, Ұлыбритания мен Канада елдерінде қатты байқалады.

Технологиялардың жылдам ілгерілеуінен логистика және жеткізу тізбегі мамандары да бүгінде өте жоғары сұранысқа ие. Себебі әлемде онлайн сауда қарқынды дамып жатыр. Жаһандану дәуірінде өнімді тез әрі әлемнің кез келген бұрышына жеткізу аса маңызды. Сондықтан бұл салада күрделі жеткізу тізбектерін басқара алатын мамандарға қажеттілік аса жоғары дейді сарапшылар.

Дүниежүзілік экономикалық форум сұранысқа ие болатын мамандықтар тізіміне емес, адам дағдыларына мән беріп отыр. «Жұмыс орындарының болашағы» атты баяндамасының 2023 жылғы есебіне сәйкес, 2027 жылға қарай адамның аналитикалық, шығармашылық ойлау дағдылары әлемде өте жоғары бағаланады. Көшбасшылық қабілеті бар, әлеуметке әсер ете алатын және білімін жетілдіруден жалықпайтындар да сұраныстан шет қалмайды. Сонымен қатар аталған есепке сәйкес, 2027 жылға дейін 10 қызметкердің алтауы білімін қайта шыңдауына тура келеді. «Себебі технология қарыштап дамыған сайын компаниялардың білім беру бағдарламалары жылдам ескіріп қалуда», - дейді мамандар.