Ішімдік сатып алудан АҚШ көш бастап тұр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде жыл сайын дәл осы арақ-шараптың кесірінен 3 млн-нан астам адам көз жұмады.
Мамандар: «Ішімдік салдарынан қайтыс болғандардың дені ер адамдар», – дейді. Сонымен, арақ-шарапқа қатысты әлемдегі ахуал қандай?
Жалпы әлем бойынша арақ-шарап ішетіндер қатары жыл санап азайып келеді. Мәселен, АҚШ-та бұл көрсеткіш былтыр 7 пайызға төмендеген.
Халықаралық сарапшылар әр мемлекеттің статистикалық мәліметтерін салыстырып, 2023 жылы ең көп ішімдік сатып алған елдердің үздік ондығын жариялады. 26 млрд долларға арақ-шарап алған АҚШ көш бастап тұр. Одан 4 еседей төмен ақша жұмсаған Британия екінші орында. Одан кейін Германия. Қытай да көп ішімдік сатып алған. Туристер үшін шараппен аты шыққан Франция бесінші орынды иеленген. Нидерланд пен Канаданың жұмсаған қаржысы шамалас. Тізімде Азиядан Жапония бар. Ішімдік сатып алудан озық ондыққа көршіміз Ресей іліккен. Рейтиңді Испания түйіндейді.
Ең көп ішімдік сатып алған 10 ел (2023 жыл):
- АҚШ - $26 млрд
- Ұлыбритания - $7 млрд
- Германия - $5,3 млрд
- Қытай - $4,7 млрд
- Франция - $3,9 млрд
- Нидерланд - $3,5 млрд
- Канада - $3,4 млрд
- Жапония - $2,7 млрд
- Ресей - $2,2 млрд
- Испания - $2 млрд
Әлемде алкоголь тұтынудан беларусь топ бастап тұр
Енді арақ ішуден алдына жан салмайтын елдерге келейік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының биыл түзген рейтиңіне келсек, әлемде ең көп ішетін мемлекет Беларусь болып шықты. Жан басына шаққанда шамамен 14 жарым литр. Литва олардан 1 жарым литрге кем ішеді. 115 мыңдай ғана халқы бар арал-мемлекет Гренада үздік үштікте. Чехия мен Франция деңгейлес. Көршіміз Ресей бұл тізімнен де ойып тұрып орын алған. Ирландия, Люксембург пен Словакияның арақ ішу деңгейі бірдей. Жетінші орынды Гермнаия мен Венгрия бөліскен. Португалия мен Польша да шамалас. Озық ондыққа Словения іліккен.
ДДСҰ: арақ-шарап ең көп ішетін 10 ел (2024 жыл):
- Беларусь 14,4 литр
- Литва 12,9 литр
- Гренада 11,9 литр
- Чехия 11,8 литр
- Франция
- Ресей 11,5 литр
- Ирландия 11,4 литр
- Люксембург
- Словакия
- Германия 11,3 литр
- Венгрия
- Португалия 10,9 литр
- Польша 10,6 литр
- Словения 8,7 литр
Еуропада арақ көп ішіледі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы түзген рейтиңге іліккен 14 елдің 12-сі - "кәрі құрлық" мемлекеті. Еуропаның ересек тұрғындары орташа алғанда жылына 9,2 литр ішімдік тұтынады. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Аймақта 470 миллионнан астам арақ-шарапқа әуес тұрғын бар. Мамандар тіпті әр төртінші еуропалық ішкілікке салынған, онсыз өмір сүре алмайды дейді. Оның үстіне, ер адамдар әйелдерге қарағанда 4 есе көп ішеді екен. Еуропа бұл тәуелділікпен күресіп-ақ жатыр. Мылтықсыз майдан 2010 жылдан жалғасып келеді. Содан бері Еуропадағы 53 елдің 12-сі маскүнемдікті 10 пайызға дейін төмендеткен.
Әлемде 41 ел ішімдікке толық тыйым салған
Әлемде алкогольге толық тыйым салған елдер саны биыл 41-ге жеткен. Бұл жұмыс Еуропаның Скандинавия бөлігінде қатты жүріп жатыр. Мұнда арнаулы бағдарламар қабылданған. Масайтатын сусындар мүлде немесе ашық сатылмайтын елдер қатарына кейінгі жылдары Мысыр, Үндістан, Индонезия, Норвегия мен Швеция қосылды. Көптеген мұсылман елдерінде ішімдік сатылымына заң қатал. Мысалы, Иран мен Иорданияда арақ-шарап сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Көршіміз Өзбекстан да ішімдікпен күресті күшейтті. Соның бір тәсілі – арақ-шарап бағасын көтеру. Қыркүйек айында ғана арақ 22,5, ал шарап 20 пайызға қымбаттаған.