Ливанда 1,2 млн бала сабаққа бара алмай отыр
Ливандағы ахуал күннен күнге ушығып барады.
Үй-жайын тастап кетіп жатқандар саны көбейді. Олардың біразы – балалар. Көшіп-қонып жүрген олардың сабаққа бармайтыны айтпаса да түсінікті. Жалпы бүгінде Ливанда білім алу мүмкіндігінен айырылған оқушылар саны миллионнан асып кеткен.
Ливандағы әскери іс-қимылдар кесірінен 1 млн 200 мың бала білім алу мүмкіндігінен айырылды. Өйткені мемлекеттік мектептер атыс-шабыстан зақымданған. Кейбіреулеріне жету жағы қиындаған. Ал көбін босқындар паналауда. Қазір елде тек жекеменшік мектептер ғана жұмыс істеп тұр. Бұл жағдай білім беру саласындағы дағдарысқа әкеп соқтыруы мүмкін дейді сарапшылар. Олар кезінде Сирия мен Газа Секторы секілді өзге өңірлерден қашып келген босқын балалардың жағдайына қатты алаңдаулы.
Саид Башир, Teachers Syndicate Ливан мұғалімдері қауымдастығы атқарушы кеңесінің мүшесі:
- Билік төтенше жағдайда әрекет ету жоспарына сәйкес босқындарды мектепке емес, бос тұрғын мемлекеттік ғимараттарға жайғастыру керек. Қауіпсіз аймақтардағы білім беру мекемелері ашылуы тиіс. Балалар бірнеше ауысымға бөлініп, тіпті түнде болса да, оқуын жалғастыруы қажет.
Тэсс Ингрэм, ЮНИСЕФ ұйымының Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы өкілі:
- Бізді Ливандағы балалардың жағдайы алаңдатып отыр. Қаншама оқушы сабаққа бара алмауда. Ал қаншама жүкті келіншек қажетті күтімсіз қалды. Олар жоспарлы медициналық тексерулерден өтіп жатқан жоқ. Ал осындай жағдайда туылған балалардың жағдайы не болмақ?
Ливан халқының төрттен біріне эвакуация туралы ескерту жасалды
Осы айдың басынан бері Ливан халқының төрттен біріне Израиль әскерилері тарапынан эвакуация туралы ескерту жасалған. Абдыраған жұрт қолына іліккенін алып, басы ауған жаққа босып кетіп жатыр. Бір айдан аз уақыт ішінде 1 млн 200 мың адам үй-жайын тастап кеткен. Солардың үштен бірі – балалар. Көбі елдегі уақытша орталықтарды паналауда. Енді біразы көрші Сирияға қашып кеткен.
Оливер Смит, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аға үйлестірушісі:
- Ливаннан 270 мыңнан аса адам атыс-шабыстан Сирияға қашқан. Олардың 70 пайызы – кезінде соғыстан безіп кеткен сириялықтар. Қалғандары – Ливан азаматтары. Біз оларға барынша көмек көрсетуге тырысып жатырмыз. Мысалы, уақытша баспанамен, азық-түлік, ең қажетті тауарлар және көлікпен қамтамасыз етеміз. Сонымен қоса жол-жөнекей құжаттарын жоғалтқандар да аз емес. Соларды қайта жасату үшін заңгерлердің қызметін де ұсынамыз. Бұдан бөлек психологтың көмегі де қажет. Біз ол жағын да ойластырып қойдық.
Рема Джамус Имсейс, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Таяу Шығыс бойынша өкілдігінің директоры:
- Өлшемі кішкентай, бірнеше миллион ғана тұрғыны бар Ливан үшін бір миллионнан аса адамның босқынға айналуы сұмдық жағдай ғой. Ал Израильдің әуе соққылары тыйылар емес. Халықтың 25 пайызына эвакуация туралы ескерту жасалған. Кеше ғана Ливанның оңтүстігінде тағы 20 ауылдың тұрғындары тиісті ескерту алған.
БҰҰ Израиль шабуылына қатысты тергеу жүргізуге шақырды
Халықаралық қауымдастықтың мұндай мәлімдемелеріне қарамастан, Израиль әскері мен «Хезболла» арасындағы атыс-шабыстың тоқтайтын түрі жоқ. Еврей қарулы күштерінің негізінен христиандар тұратын ауылға жасаған әуе шабуылынан құрбан болғандар саны 22 адамға жетті. Бұған дейін әскерилер Ливанның оңтүстігін, ел астанасы Бейрут пен Бекаа алқабын атқылап келген. Ал шабуылға ұшыраған мына ауыл елдің солтүсітігінде орналасқан. Қаза тапқандардың дені – әйелдер мен балалар. Бұл ретте БҰҰ Израиль әскерінің шабуылын қатаң сынға алып, оқиғаға қатысты тергеу жүргізуге шақырып отыр.
Авторы: Жулдыз Атагельдиева