Адамзатқа су үнемдейтін технологиялар қажет

Судың қадірін енді білдік.

Біз ғана емес әлем суды үнемдеп ішіп, технологияларға жүгіне бастады. Бельгияда тіпті тұтас су үнемдейтін кластер жұмыс істей бастады. Мамандар "бұл дер кезінде қолға алынған жоба" дейді.

Расында бұл жақсы идея екен. Өйткені Еуропаның ауыл шаруашылығы алқаптарына климаттың өзгеруі тікелей қауіп төндіре бастады.

Қытайда су мен топырақтың жай-күйін жерсерігімен бақылайды  

Қытай

Қытай ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруде озық технологияларды тиімді енгізіп жатыр. Қазір елде 24 станция жерсеріктері арқылы егін алқабын бақылайды. Онда су мөлшері, топырақтың жай-күйі, құнарлығы, желдің бағыты мен екпіні, ылғал деңгейі қадағаланады. Сондай-ақ түрлі табиғи апаттардың туындау ықтималдығын да қарап отыруға болады дейді ғалымдар. Бақылау жүйесі онлайн режимде жұмыс істейді. Алқапта зиянкестер пайда болғанда және індет тарала бастағанда дабыл қосылады.

Хан Фенгзианг, автоматтандырылған ұжымшар басшысы:

"Біздің технология ғарышпен тікелей байланыста жұмыс істейді. Бүкіл үдерісті мына үлкен экраннан онлайн режимде бақылап отырамыз. Осындай 24 мониторинг бекеті бар. Онда су мен топырақтың жағдайын қадағалаймыз. Яғни жеріміздің сыртқы факторлардан тиімді қорғай аламыз."

БҰҰ: Су үнемдеу – ең маңызды мәселе

Қазір адамзатқа су үнемдейтін және климат өзгерісінің қиындықтарын еңсеруге септесетін техноогиялар ауадай қажет. Өйткені қалаларда қазірдің өзінде 4 миллиардтан астам адам тұрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, ширек ғасырдан кейін қала халқының саны 6 жарым миллиардқа жетеді деген болжам бар. Америкалықтар күніне 300 литр су тұтынады. Оның 40 пайызы жуынуға, 30 пайызы әжетхана тазалауға, 13 пайызы кір жууға және 4 пайызы ғана ас дайындау мен ішуге жұмсалады.

Бұдан бөлек әлемдегі су құбырларының жағдайы мәз емес. Кейбір қалаларда құбырдағы тесіктердің кесірінен судың 60 пайызы кранға жетпей, далаға ағып, рәсуа болады екен.