Еуропа: микроқаржы нарығында Испания мен Польша көш бастап тұр

Әлемде микроқаржы ұйымдарының қызметін тұтыну бойынша Қытай мен Үндістан көш бастап тұр.

Бұл елдегі қарыз алушылардың көлемі жер шары халқының 35 пайызына тең. Ал жер жүзі бойынша 140 млн адам шағын несие алып күн көреді. Шағын несие нарығы бойынша әлемдік тәжірибе келесі топтамада. 

Еуроодақ елдерінде микроқаржы ұйымдарына қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Аймақ бойынша қаржы нарығында Испания мен Польша көш бастап тұр. Испанияда шағын несие операциясы ғаламтор арқылы жүзеге асырылады. Рәсімделген қаражат бар-жоғы 15 минутта қарыз алушының шотына түседі. Ал Польшада қарыз онлайн режимде 1 ай мерзімге тағайындалады. Бұл елде рәсімделетін шағын несиенің көлемі ЖІӨ-нің 100%-ын құрайды. Көрсеткіш Германияда 6%, Францияда 11%, Швейцарияда 12%, ал Ұлыбританияда 16%-ға тең.

АҚШ-тың 15 штатында шағын несиеге тыйым салынған

ҚШ-тың 15 штатында микроқаржы ұйымдарына тыйым салынған. Бұл тізімге Нью-Йорк, Вермонт, Вашингтон және Массачусетс кіреді. Тағы 9 штатта жылдық мөлшерлемеге қатаң шектеу бар. Сарапшылар мұны пайыздық мөлшерлеменің тым жоғары болуымен байланыстырып отыр. Өйткені кей жерлерде көрсеткіш 600%-ға дейін жетеді. "Жалақыға дейінгі" қарыз бойынша орташа чек, шамамен 375 АҚШ долларына тең. Микроқарыз алушылардың көбі – жоғары білімі жоқ, 25 пен 44 жас аралығындағы тұрғындар. Жергілікті the Pew Charitable Trusts ұйымының мәліметі бойынша, АҚШ-та жыл сайын 12 миллионға жуық адам микронесиеге жүгінеді.

Үндістан тұрғындары қарыз алып күн көреді

Үндістанда шағын несиенің нарықтағы көлемі былтыр 46 млрд АҚШ долларына жетті. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 7% артады деген болжам бар. Берілген несие көлемі бойынша микроқаржы ұйымдары жергілікті банктерді басып озды. Бұл ұйымға тиесілі несие үлесі ел бойынша белгіленген жалпы қарыздың 39%-ын құрайды. Айлығы шайлығынан артылмайтын Үндістан жұртының көбі қарыз алып күнін көреді. Ипотекаға пәтер алып, бизнес ашудан тыс, күнделікті қажеттілігіне дейін шағын несие рәсімдейді. Айта кетейін, мұнда 20 мыңға жуық микроқаржы ұйымы жұмыс істейді.

Өзбекстанда 91 микроқаржы ұйымы жұмыс істейді

Өзбекстан

Орталық Азия нарығында шағын несие рәсімдеу енді қарқын алып келеді. Өзбекстанда 91 ресми микроқаржы ұйымы тіркелген. Олар тұрғындарға 8 мың АҚШ долларына дейінгі көлемде қарыз ұсынады. Бірақ аталған ұйымдар қарыз алушылардың онлайн жүйеге қарағанда кеңсеге келіп қызмет алғанын құп көреді. Мұнда микроқаржы ұйымы тарапынан берілген несие көлемі осы жылдың шілдесінде 5,8 трлн сумға жетті. 

Әсия Нұрлыбаева