Сағадат Нұрмағамбетов есімі Түркияда ұлықталды
Биыл Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл.
Халық қаһарманының ғасырлық мерейтойы Түркия астанасы Анкарада атап өтілді.
Отан қорғау – әрбір азаматтың асыл парызы. Сағадат Нұрмағамбетов осы ұлы міндетті орындап, қазақ халқының әскери қуатын қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген тұлға ретінде тарихта қалды. Анкарада өткен халықаралық Симпозиумға Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі өкілдері, әскери академияның студенттері, қазақ және түрік ғалымдары қатысты.
Симпозиум барысында Қазақстанның елшілігі мен Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Сағадат Қожахметұлының өмір жолы, Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің құрылуындағы рөлі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар батырдың қайсар мінезі мен еңбегін жоғары бағалады.
Ибрахим Этхем Атнур, әскери академия деканы:
- Тәуелсіз қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат мырза алғашқы шетелдік сапарын Түркияға жасады. Анкарадағы әскери академияға қазақ курсанттарын жіберген де өзі. Қос елдің әскери қарым- қатынасын орнатуға елеулі үлес қосты. Сағадат Нұрмағамбетовтің әскери қабілеті мен көшбасшылық қасиеті екі елдің әскери ынтымақтастығының артуына әсер етті. Осы себепті, бүгін міне түрік армиясының қара шаңырағында Сағадат мырзаны еске алып, құрмет көрсетіп отырмыз.
Айбек Жұпарбек, курсант:
- Армия генералын осында таныту үлкен мәртебе. Үлкендеріміздің жолынан жүріп өту, олардың көргендерін, жолдарын қайта жалғастыру біз үшін үлкен мәртебе. Біз олардың жолымен жүруді жалғастырамыз.
Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова әкесі жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, Сағадат Қожахметұлы өте қарапайым, бірақ талапшыл, жауапты тұлға болған.
Айсұлу Нұрмағамбетова, С. Нұрмағамбетовтің қызы:
- Әскер әкем үшін бәрінен де жоғары болды. Бүкіл ғұмырын соған арнады. Түрік армиясы әлемдегі алдыңғы қатарлы армиялардың бірі болып саналады. Халықтың әскерге деген құрметі айрықша. Әкем министр қызметін атқарғанда еліміздің әскері осындай мәртебелі болғанын қалады. Бүгін міне әкеме арналған іс-шарының куәсі болып отырмыз.
Симпозиумның екінші бөлімі «Қазақстан-Түркия: ортақ тарих пен мәдениет» тақырыбына арналды. Онда түркі халықтарының әскери тарихы мен осы салаға үлес қосқан тұлғалар жайлы ой қозғалды.
Айдын Рысқұлбеков, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің аға оқытушысы:
- Бұл біздің бүгінгі бірінші отырыс. Ертең жалғасы бар. Ертең біздің тарихта қалған, тәуелсіздігіміздің 1918-20 жылдарындағы Алашорда болйын деген мемлекеттің тарихын біраз тереңдеп талқылаймыз. Оның ішінде, Алашорданың ұжымында болған Мағжан Жұмабаевтың поэзиясын, сол кісінің түрік халқына жазған хаты бар. Алыстағы бауырыма деген. Соны тереңдетіп айтып беремін.
Симпозиум соңында Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жылдық мерейтойына арналған арнайы төсбелгілер қонақтарға табысталды. Сонымен қатар батыр туралы жарық көрген жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Аталмыш еңбек, әскери академия мен оқу ордаларының кітапханаларына тарту етілмек.
Южел Өзтүрік, ғалым, тарих пәнінің оқытушысы:
- Сағадат Қожахметұлының өмір жолы, оның әскери ерліктері жайлы кітап бір аптаның ішінде түрік тіліне аударылып, жарияланды. Ортақ тарих, ортақ мәдениет пен ортақ салт- дәстүрді бағалаған Сағадат мырза жайлы кітап еліміздің болашағына елеулі үлес қосып, ұрпақтарымыз үшін маңызды боларына сенімдімін. Оның бізге көрсеткен жолын жалғастырамыз.
Сағадат Қожахметұлының құрған Қарулы күштері бүгінде шетелде білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен толығуда. Соның ішінде Түркиядағы әскери академиясын 145 қазақ жастары тәмамдап, 70-тен астам курсант білім алуда. Батырдың салған сара жолы жастарға өнеге болары сөзсіз.