Өзбекстанда әлем дінбасыларының басқосуы өтті
Ислам діні халқымыздың салт-дәстүрімен бірігіп кетті.
Сондықтан қазір жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтау үшін ата-бабамыздың жолын берік ұстану керек. Өзбекстанда өтіп жатқан «Ислам - бейбітшілік пен ізгілік діні» атты дінбасылардың халықаралық форумында еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді. Ол өз баяндамасында исламның бейбітсүйгіш дін екенін және оның адамзатты бірлікке шақыратынын атап өтті. Басқосуға 20-дан аса елден бас мүфтилер, ғалымдар мен ұстаздар жиналды. Форум қатысушылары ұлық дініміздің тыныштық пен ізгілікке үндейтін қағидасын насихаттауға қатысты ойларын ортаға салып, тың ұсыныстар әзірлеуге ниетті. Осы орайда Бас мүфти жастарды жат діни ағымдардан қорғауда ата-баба салған сара жолды ұстанудың маңыздылғын айтты. Форум бірнеше күнге жалғасады.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
- Дүниежүзі халықтарына ислам дінінің тыныштықты сүйетіні, бірлікке шақыратыны мақсат етіліп жатыр. Біз жуырда ғана Астанада үлкен форум өткіздік. Онда түркі елдері бас мүфтилерінің алқасы өтті. Сонда басты құжатқа қол қойдық. Соның бірі – «Ислам жергілікті дәстүрді қолдайды» деген құжатты қабылдадық. Бұл жерде ислам бейбітшілікті сүйеді деген осының өзі айғақ. Жергілікті халықтың салтын, дәстүрін сүюді біздің дініміз өсиет етеді.