Қытайда көшпелі туризм жәрмеңкесі өтіп жатыр

Іс-шара халықаралық туристік байланысты дамытуға бағытталған.

Оған әлемнің ең тәжірибелі мамандары қатысып, саланы зерттеп жүрген ғалымдар тартылып отыр. Көрмеге Қазақстаннан 20-дан астам туристік компания  қатысып жатыр. Еліміздің туризм саласындағы білікті мамандары тәжірибе алмасып, бірқатар өзекті мәселені талқылайды. 

Халықаралық жәрмеңке Бейжің ұлттық ауылшаруашылық көрме залында өтіп жатыр. Оған 20-дан астам мемлекеттен 100-ге тарта шетелдік туристік компания өкілдері келді. Қазақстаннан 20-дан астам компания қатысуда. Алдағы бірнеше күнде көрші елдің инвесторлары мен халқына еліміздің туристік әлеуеті таныстырылады.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh tourism» АҚ ҰК басқарма төрағасының орынбасары:

- Осының барлығы арқылы елімізге қытайлық туристердің санын арттыру мақсатымыз. Нәтижесінде елімізге жылдың аяғына дейін жалпы қытайдан келетін келушілердің санын жарты миллионға дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Жыл басынан бері аспан асты елінің Бейжің, Шанхай, Чэнду, Сиань сияқты ірі қалаларында саяхатшылар мен инвесторларды тартуға бағыттылған іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар екі ел арасында визасыз режим орнады. Нәтижесінде былтыр елімізге саяхаттаған қытайлықтар саны 400 мың адамға жетіп 20 пайызға өсті. Биылғы жарты жылдың есебі бойынша 250 мыңнан сәл асқан. Алайда инвесторлары қызығушылық білдіргенімен елімізде бірде-бір туристік инвестжоба жүзеге асырылмаған.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh tourism» АҚ ҰК басқарма төрағасының орынбасары:

- Көбінесе Қытайдан келіп жатқан компаниялар әзірше ойланып бір қарап жүрген сияқты. Бірақ нақты басталып кеткен туризм саласында жоспарлар әлі жоқ. Бірақ алдағы уақытта Астанада қонақ үй саламыз немесе туристік объектілер саламыз деген қызығушылық бар. Соны қазір осындай көрмелердің арқасында қызығушылықтан нақты жобаларға көшу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Жалпы елімізге былтыр 9 миллионнан астам шетелдік азамат саяхаттады. Түскен табыс 300 мың АҚШ доллар. Биылғы меже осы пайданы 500 мың долларға жеткізу көзделіп отыр. «Қазақ туризм» Ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес жыл басынан бері қонақ үйлерге 120 мыңдай қытайлық тоқтаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66 пайызға көп. Биылғы маусымда елімізде қонақ үй тапшылығы қатты сезілген. Туризмнің дамуына бұдан да бөлек кедергілер де бар. 

Раушан Шәмілқызы, ҚР Туризм және спорт министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Ифраструктура дейміз ғой. Сол жағы кішкене ақсап тұр. Сосын мамандарымыз кемшіндеу. Өйткені бізде көбінесе тіл білетін мамандар тапшы. Содан кейін қонақ үйлеріміз жетпей қалып жатыр. Сезон уақытында. Өйткені Алматыда да, Астанада да осы қонақ үйлер тапшылау болып тұр.

Бұл жәрмеңкеден бөлек Бейжіңде Алматы және Астана қалаларының туризм күндері ұйымдастырылады. Іс-шара барысында туристер санын арттыруға бағытталған ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылады. Айта кету керек, Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының ресми жабылу салтанаты қараша айының соңына жоспарланған.

 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы