Түркияда жер сілкінісінен 187 адам зардап шекті. LIVE

Түркияның Малатия провинциясындағы Кале ауданында кеше қуаты 5,9 баллдық жер сілкінісі болды.

Салдарынан біраз ғимаратқа зақым келді. 

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияның Малатия провинциясында болған жер сілкінісінен 187 адам әртүрлі ауырлықтағы жарақат алды. Оның 43-і емделіп жатыр. Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая мәлімдеді. Айтуынша, зілзала тіркелген аймақ электр қуатынан ажырамаған. Инфрақұрылымның зақымдануы немесе судың үзілуі туралы ақпарат жоқ. Ал, Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі Мұрат Курумның сөзінше, Малатиядағы жер сілкінісінен кейін 20 тұрғын үй қатты зақымданғаны анықталған. Сондай-ақ, Элазыгта 517 және Малатияда 18 ғимаратқа аздап зақым келген. Айта кеткен жөн, жер сілкінісі жергілікті уақытпен кеше таңғы 10-нан аса болды. Зілзала ошағы шамамен 10 шақырым тереңдікте тіркелді. Дүмпу бола салысымен тұрғындар үй-жайлары мен жұмыс орындарын тастап, қауіпсіз жерге жиналды. Кале ауданы болған жер сілкінісінен Диярбакыр, Шанлыурфа, Элазыг, Батман, Адияман, Кахраманмараш және Тунджели провинцияларында да сезілді. Бүгін Шанлыурфа, Элазыг, Адьяман және Батман қалаларында мектептер бір күнге жұмысын уақытша тоқтатты. Жер сілкінісінен кейін магнитудасы 1,2-ден 3-ке дейінгі 30 дүмпу тіркелді.