АҚШ-тағы сайлау қарсаңында алтын бағасы күрт өсті

Америкада Президент сайлауының өтуіне үш аптадан аз уақыт қалды.

Күн жақындаған сайын әлемдік экономика мен геосаясатта болып жатқан өзгерістер алтын бағасын күрт көтеріп жіберді. 

Кейінгі 20 жылда Америкада алтын бағасы орта есеппен 9,4% өсті. Әр 4 жыл сайын өтетін сайлауда Президенттікке үміткерлердің жетістігі саясатқа ауқымды өзгеріс әкелсе, бағалы металдың бағасына да айтарлықтай әсер етті. Биылғы науқан қарсаңында да қаржы нарығы бұл үрдістен жаңылған жоқ.

Крис Блази, инвестор:

- Менің ойымша, сайлау жақындаған сайын алтынға қатысты жағдайды болжау қиын. Бұл – нағыз аласапыранға толы тұрақсыз кезең. Алтынның құны күн сайын өсіп жатыр. Бұл жағдайдың қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.

Блумберг агенттігінің мәлімдеуінше, жарты жылда алтын бағасы 900 долларға көтеріліп, бір граммы шамамен 2700 доллардан саудаланды. Экономикалық сарапшылар жыл соңына дейін сары металдың сатылым бағасы 3 мың долларға жетуі мүмкін деп болжап отыр. Түптеп келгенде, бұл саудагерлер мен кәсіпкерлердің қалтасына салмақ салуда.

Сизар Паскаль, сатушы:

- Кейінгі үш аптада күміс пен платина сияқты бағалы металдардың бағасы аспандап кетті. Әсіресе, алтынның құны қатты көтерілді. Менің ойымша, бұған әлемдегі экономикалық өзгерістер әсер етіп отыр. 

Сары металл бағасының күрт өсуіне Америкадағы сайлау ғана емес, жаһандық геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы да әсер етіп отыр. Келер күзде алтын граммы 2900 долларға дейін өседі. «Сол себепті инвесторлар бағалы металл қорын осы бастан ұлғайтуға көңіл бөлгені жөн», – дейді сарапшылар.

 

Авторы: Әсия Нұрлыбаева