Амазон ормандарының 47% күлге айналуы мүмкін
Латын Америкасында 5 бірдей мемлекетте алапат өрт болып жатыр. Бұлар: Боливия, Перу, Бразилия, Аргентина және Парагвай. Оңтүстік Америкада тілсіз жаудың өршуіне не себеп?
Басты себеп – ғаламдық жылыну тудырған «Эль-Нино» құбылысы. Ең қиыны, Латын Америкасындағы өрттен адам қашып үлгергенмен жан-жануарға үлкен қауіп төніп тұр.
Боливияда өрт пен түтіннен үй құстары қырылып жатыр
Боливияда ормандағы өрт пен одан тараған түтін салдарынан тауық қырылып жатыр. Үй құстарының арасындағы өлім-жітім 15% артты. Мамандар: «Шығын орташа көрсеткіштен 5 есе көп», – дейді. Сондай-ақ базардағы тауық еті қымбаттап барады. Жыл басынан бері тілсіз жау 10 миллионнан астам гектар алқапты жалмап үлгерген. Бұл – Куба немесе Ирландияның жер аумағына тең көрсеткіш. Әсіресе Боливияның шығысындағы Санта Круз аймағы қатты зардап шеккен. Шаруалар қатты алаңдаулы.
Уинстон Ортиз, Санта Круз үй құстары қауымдастығының өкілі:
- Алапат өрт пен көк түтін кесірінен қысқа уақытта 3 миллион тауық қырылып қалды. Біз үшін бұл – өте үлкен шығын. Түтін бірінші кезекте тауықтардың өкпе тініне зиян келтіреді.
Перудегі өрт экожүйеге қауіп төндіріп тұр
Алапат өрт Перудегі тұтас экожүйеге үлкен қауіп төндіріп тұр. Қазір елде 10,400 өрт ошағы бар. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2,5 есе көп. Шөбі шүйгін шабындықтар, ну орман, әдемі жағалаулар жойылып барады. Ормандағы аюлар, теңбілшер және басқа аң-жануар пана таппай, өмірлері үшін аласұрып жүр. Елде аюлар бұрыннан аз, бірнеше жүздеген саны ғана қалған. Тілсіз жау тіпті жүздеген мың тұрғыны бар ірі қалалардың іргесіне дейін келген. Перу президенті негізі қыркүйекте төтенше жағдай жариялаған болатын. Бірақ арада 1 айдан астам уақыт өтсе де, нәтиже болмай тұр. Оның үстіне аймақта 9 айдан бері бір тамшы жаңбыр жаумаған.
Пол Розали, табиғатты қорғау жөніндегі маман:
- Ормандағы жан-жануар жаппай қылып жатыр. Тірідей жанып кеткен тасбақа, жылан мен құстардың санында есеп жоқ. Бірнеше теңбілшер де өліп қалған. Амазон ормандары – әлемдегі ең үлкен экожүйе. Қаншама тіршілік иесінен айырылып жатырмыз. Олардың орнын толтыру қиын болады.
Өрт салдарынан жабайы жануарлар саны 73% азайған
Енді себептерге келейік. Бірінші кінәні климаттың өзгеруінен іздейміз. Халықаралық зерттеушілердің айтуынша, кейінгі 50 жылда өрт, құрғақшылық, аптап ыстық сияқты табиғи апаттар салдарынан әлемдегі жабайы жануарлар саны 73% азайған. Бұл – ғаламдық экожүйе үшін орны толмас, өте үлкен шығын. Әсіресе жер шарының өкпесі аталған Амазон ормандарына төнген қауіптің салдары орасан болмақ. Аймақта жиі тұтанатын өрттерге қарсы күресті күшейтпесе, атақты орманның 47%-і 2050 жылға қарай күлге айналуы мүмкін.
Яғни, бар үміт өрт сөндіру және құтқару қызметінде. Орман-даланы өрттен құтқару адамзатты алапат апаттан сақтап қалумен барабар.