Ливаннан Сирияға 280 мың адам бас сауғалап барды

Ливандағы қақтығыс салдарынан Сирияға бас сауғалап келушілер көп, деп хабарлайды 24KZ. Күн сайын шамамен 3 мың ливандық көрші елдің шекарасына өтеді. Сирия үкіметі босқындарды уақытша баспаналарға жайғастырып, қажетті көмекпен қамтамасыз етуге тырысып жатыр. 

Бұл – Сирияның орталығындағы Хомс провинциясы. Ливанда қарулы қақтығыс басталғалы аймақ билігі босқындарға есігін айқара ашып, қолдан келгенін бәрін жасап жатыр. Пана іздеп келушілердің көптігіне байланысты шұғыл шара қабылдап, түрлі орындарға жайғастырды.

Файяд, жергілікті шенеунік:

- Израильдің Ливанға қарсы шабуылы басталғалы біз зардап шеккен халықты өзегінен тепкеніміз жоқ. Керісінше, Хомс губернаторының нұсқауымен қолдан келген көмегімізді аямадық. Бүгінге дейін өңірге 300-ге жуық отбасы пана іздеп келді. Жергілікті халық оларға қонақжайлық танытып, өздері тұрып жатқан үйлеріне қабылдады.

Аймаққа бассауғалап келген балалардың көбі қақтығысты өз көзімен көріп, жартылай жетім қалды. Олардың жаны да, тәні де жаралы. Билік балғындарды баспанамен, ас-сумен қамтығанымен, соққының салдары олардың психологиялық денсаулығына айтарлықтай зақым келтірді.

Саса, балаларды қорғау бағдарламасының жетекшісі:

- Олардың көбі өте қиын жағдайды бастан өткерді. Зұлым соғыстың зардабы мен салдары ауыр. Балалардың психикалық ауруға шалдықпауы үшін біз ауқымды шаралар қабылдауды жоспарлап отырмыз. Олардың шынайы қорғаушысы бола аламыз деп үміттенемін.

Сирияның барлық аймағында уақытша баспаналар мен лагерьлер жұмыс істеп тұр. Олардың бәрі адамға лық толы. 67 жастағы Газале Баллаут балаларын мен жүгін арқалап, Дамаскідегі орталықтардың біріне қоныстанды.

Газале Баллаут, босқын:

- Менің 5 балам бар. Күйеуім қақтығыс кезінде қаза тапты. Шабуыл басталған кезде есіміз шығып, қайда барып тығылатынымызды білмедік. Израильдіктер ғибадатхана, шіркеу, мектеп ғимараттарының барлығын қиратты. Ақыры қашып, осында келдік.  

БҰҰ-ның мәліметінше, қақтығыс басталғалы 280 мыңға жуық ливандық Сирия аумағына өткен. Ұйым өкілдері: «Алдағы уақытта олардың қарасы артуы мүмкін», – деп отыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.