ХАМАС жетекшісінің өлімі: бірқатар елдің басшылары пікір білдірді
Бірқатар елдің басшылары ХАМАС жетекшісінің өліміне қатысты пікір білдіріп жатыр. Олар: «Таяу Шығыстағы қақтығысты қарумен емес, бейбіт жолмен шешу керек», – деп отыр.
Махмұд Халиль, шеруші:
- Ол өз борышын орындады. Синвар – «әл-Ақса дауылы» операциясының басты инженері. Оның идеясы өлмейді және жастар оның ізімен жүруді жалғастыра береді. ХАМАС-қа келсек, оның негізгі жетекшілерінің бәрі шейіт болды. Дегенмен ХАМАС әлі де ұрыс жүргізіп жатыр. Әлі де қарсылық көрсетіп келеді.
Әбдел-Рахим Срур, Яхья Синвар жақтасы:
- Синвар қаза тапқанымен, оның орнын басқа біреу басады. Яхья Синвар секілді жүздегені болады.
Кеше Иорданияда ондаған адам Израиль елшілігі ғимараты алдына жиналып, ХАМАС жетекшісі Яхья Синвардың қазасына байланысты шеру ұйымдастырды. Шерушілер Синвардың құрметіне ұрандатып, ел билігін Израильмен арадағы қарым-қатынасты толығымен үзуге шақырды. Өз кезегінде батыс елдері Синвардың өлімінен кейін аймақтағы ахуалды реттеу мақсатында атысты дереу тоқтатуға шақырып жатыр.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Әлем үшін жақсы күн болды. Мен Биньямин Нетаньяхуға қоңырау шалып, құттықтауымды айттым. Себебі Синвардың қолы қанға батқан адам еді. Сондықтан Израильдің бұл әрекетіне көңілім толғанын жеткізіп, ары қарай Газадағы атысты тоқтатуға бет алу керегін айттым. Соғысты аяқтайтын, тұтқындарды үйлеріне қайтаратын уақыт келді. Сол үшін де Блинкенді Израильге жібермекпін.
Олаф Шольц, Германия канцлері:
- ХАМАС құрамына кірмейтін бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жарақат алғандар санына көз жүгіртетін болсақ, АҚШ-пен бірге атысты тоқтатып, тұтқындарды босатуға күш салып жатқанымызды бәрі түсінеді. Бұл жағдайды реттеудегі ең тиімді жол болды.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Яхья Синвардың өлімі – Израиль үшін әскери жетістік. Енді тұтқындарды босатып, соғысты тоқтату үшін осы сәтті тиімді пайдалану керек. Әскери операцияларды доғарып, Газадағы атысты тоқтату туралы шешім қабылдау қажет. Осылайша, израильдіктердің де, палестиналықтардың да дамуына жол ашылады. Қазір біз осы бағытта израильдік, америкалық және араб әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Премьер-министр Нетаньяху Израильдің қауіпсіздігі жайлы қам жеп жүргендердің бәріне құлақ асуы тиіс.
Еуроодақтың сыртқы саясат қызметінің басшысы Жозеп Боррель ХАМАС жетекшісі Яхья Синвардың қаза болғанына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол өзінің X әлеуметтік желісінде парақшасында жазды. Саясаткердің айтуынша, Синвар Таяу Шығыстағы атысты тоқтатуға кедергі болып келген. Сондай-ақ ол Еуроодақтың террористер тізімінде тұрған еді.
Израиль қорғаныс армиясы Газа секторында палестиналық ХАМАС қозғалысының басшысы Яхья Синвардың көзі жойылғанын ресми түрде растаған еді. Айта кетейік, әзірге ХАМАС пен Иран тарабы Синвардың өліміне қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.