Еуроодақ елдері Ливандағы қақтығыстың шиеленісуіне алаңдаулы

Еуроодақ елдері Ливандағы әскери шиеленістің өршуіне алаңдаулы, деп хабарлайды 24kz.

Брюссельдегі Еуроодақ саммитінің бірінші күнінде саясаткерлер бейбіт тұрғындардың көптеп қаза табуы, мәжбүрлі қоныс аудару, әскерилер тарапынан болып жатқан зорлық-зомбылық әрекеттерін талқыға салды. Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар Израильдің БҰҰ бітімгерлеріне жасаған шабуылдарын қатаң сынға алды.

Шарль Мишель, Еуропалық кеңес төрағасы:

- Біз Газа мен Ливандағы атыстың тоқтағанын қалаймыз. Сонымен қатар Ливанда БҰҰ бітімгерлеріне жасалған шабуылдарды қатаң айыптап, ұйым қарарларына құрметпен қарауды шақырамыз. Бүгін кездесуде тағы да екі мемлекет құру туралы шешімді қолдайтынымызды растау мүмкіндігі болды.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:

- Біз екі мемлекет құру туралы шешімге әкелетін мығым бейбітшілік шарттарын талқыладық. Оған реформаланған Палестина әкімшілігінің құрылуы арқылы қол жеткізуге болады. Еурокомиссия бұл мақсатты жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Бізде 400 миллион еуро көлемінде төтенше жағдай пакеті бар. Бұл қаржы жалақы мен зейнетақыны төлеуге, сондай-ақ азаматтарды Батыс жағалаудағы барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуге бағытталады.