Әлемде 1,1 млрд адам кедейлікте өмір сүреді

Әлемде 1 млрд 100 млн адам кедейлікте өмір сүреді, деп хабарлайды 24kz.

Олардың көбі балалар. Сонымен қоса, кедей адамдардың шамамен жартысы тұрақсыздық орнаған не қарулы қақтығыстар жүріп жатқан елдерде тұрады. БҰҰ осындай деректерді келтіріп отыр. Мамандар 112 елдегі жағдайды саралаған.

«Сандар әлдеқайда жоғары болуы мүмкін», - дейді олар. Өйткені атыс-шабыс жүріп жатқан мемлекеттерде нақты статистиканы алу мүмкін емес. Зерттеу жүргізген кезде бала өлімі, тамақтану деңгейі, мектепке баратын оқушы саны, су мен электр энергиясының қолжетімділігі секілді 10 негізгі көрсеткіш есепке алынған. БҰҰ-ның өкілдері, әсіресе, Ауғанстандағы ахуалға алаңдаулы. Мұнда 8 жыл ішінде кедейлер саны шамамен 5,5 млн адамға көбейген. Сөйтіп, 35 миллион халықтың үштен екісі кедейдің кебін киюге мәжбүр.