Бейжіңде Астананың туризм күні өтті
Бейжіңде Астана қаласының туризм күні өтті, деп хабарлайды 24kz.
Бұл – Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы аясында ұйымдастырылған 22-ші іс-шара. Оған екі елдің туризм саласының өкілдері, туроператорлар, қонақ үй мен әуе компаниялары қатысты. Екіжақты кездесу туристік нарықтағы ынтымақтастық пен іскерлік байланысты нығайтуға бағытталған. Роуд-шоу барысында елорда мен өзге де аймақтардың туристік әлеуеті таныстырылды. Жеке кездесулер өткізіліп, келіссөздер жүргізілді. Тараптар саяхаттау ісіне қатысты 6 келісімшартқа қол қойды.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» АҚ ҰК басқарма төрағасының орынбасары:
- Астана Алматыдан кейінгі туристік нысандар санында екінші орында тұрған қала. Сондықтан оның әлеуеті өте зор. Мысалы, статистика жағына келетін болсақ, өткен жылы 1,3 млн турист қабылдаған. Оның 300 мыңдайы шетелдік туристер.