Тбилисиде ескірген лифттер тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруде
Грузия астанасында көптеген тұрғын үйлерде Кеңес заманында орнатылған лифттер әлі күнге дейін пайдаланылады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл ескірген құрылғылар тұрғындардың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіруде. Бірақ жөндеу жұмыстарын жүргізу құнының қымбаттығы тұрғындарға ауыр соғуда.
Тбилиси қаласындағы көпқабатты үйлерде орнатылған лифттердің көбі Кеңес заманында қойылған. Қазіргі уақытта олардың пайдалану мерзімі аяқталған. Дегенмен, ескірген лифттерді жаңарту мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Сәулетші Ираклий Ростомашвилидің айтуынша, бұл көтергіштердің басым бөлігін күрделі жөндеуден өткізу керек.
Ираклий Ростомашвили, сәулетші:
- Бүгінгі күні Тбилисиде шамамен 15 мың лифт бар. Олардың ішінде 70-жылдардан бері қолданылып келе жатқаны 8 мыңға жуықтайды. Бұл құрылғылардың 25 жылдық пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған. Меніңше, оларды қайта қалпына келтіру мүмкін емес.
Грузия заңнамасына сәйкес, лифттерге қатысты техникалық қызмет көрсету міндеттері пәтер иелеріне жүктеледі. Оның біреуінің құны шамамен 20 мың доллар, яғни, әр пәтер иесіне жаңа лифт сатып алу үшін орташа есеппен 1 мың доллар төлеу қажет. Осы себепті тұрғындар ескі лифттерді пайдалануға мәжбүр.
Сандро Шелия, қызмет көрсету компаниясының бас директоры:
- Компаниямыз бұл салада қызмет көрсету бойынша рұқсатты 2016 жылы алды. Біз түрлі құрал-жабдықтарды тексереміз. Оның ішінде көтергіштер де бар. Грузияда мұндай тексерулерді 3-4 компания ғана жүргізеді. Мұнда бәсекелестіктің төмендігінен бағалар қолжетімді. Бірақ кеңес заманынан қалған лифттердің көпшілігі ескірген. Басты мәселе осы.
Грузия астанасында лифттерді ауыстыру үшін жергілікті муниципалитет тарапынан қаржылық демеушілік бағдарламасы іске қосылған. Жоба жаңа лифттерге техникалық қызмет көрсету мен мониторингті қамтиды. Десе де, сәулетшілер мен техникалық мамандар ескірген лифттер мәселесінің ауқымдылығына назар аударады. «Мәселенің нақты шешімін табуға кешенді стратегия керек», - дейді.
Авторлары: Динара Орынтай, Юлия Тужилкина