Әлемде әр екі апта сайын бір тіл жойылады
Жалпы ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша дүниеде 7 мыңға жуық тіл бар екен. Осы ғасырдың соңына дейін соның тек жартысы ғана қалуы мүмкін. Бірақ бір үміт бар. Ол – цифрлық технология. Осы цифрлық технология ежелгі тілдердің қолданыс аясын кеңейтіп, сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өйткені түрлі платформа арқылы кез-келген тілді үйренуге болады.
«Таяқтың екі ұшы бар» дейді. Тіл саясатында цифрлық технологияның игілігі мен қатері қатар жүреді.
Тірегі жоқ тілдер көбейіп келеді
Иә, әлемде әр екі апта сайын бір тіл тіршілігін тоқтатады. Яғни, бір жылда 26 тіл ұмытылады. Бұл – халықаралық ЮНЕСКО ұйымының болжамы. Сөйтіп, жер шары бойынша қолданыстағы 7 мыңға жуық тілдің жартысына жойылу қаупі төніп тұр. Бұл әсіресе сөйлейтін адам саны аз, ресми қолдау мен ресурстары жеткіліксіз шағын қауымдастықтарда байқалады.
Жағдайы мүшкіл тілдердің қатарына қара құрлықтағы Танала және Антаноси, Америка континентіндегі аймара, какчикель тілдері жатады. АҚШ пен Канададағы индей және эскимос, Сібірдегі юкагир мен эвенк, Кавказдағы уды, адыгей тілдері де жоғалуға жақын тұр. Мамандар: «Тілдердің күн санап өліп жатқаны – сырттан енетін алпауыт тілдердің кінәсі», – дейді. Яғни, ұлтаралық ағылшын, қытай, испан тілдері ұсақ тілдерді жұтып жатыр. Австралия ғалымдарының зерттеуіне сүйенсек, ауыл халқының қалаға арман қуып келуі дәстүрлі тілдің қолданысын тіптен шектейді. Сол тілмен бірге дін, діл, дәстүр, бүтіндей бір ұлт жойылады.
Келешекте жоғалуы мүмкін тілдер
1. Африка: Танала, Антаноси, Ифа (Ifé)
2. Австралия: Або́риджин, Пиджин, Кукуйла
3. Америка: Навахо, Инуктитут, Аймара, Какчикель
4. Еуразия: Кала́ш, Арамей
5. Океания: Сиджидж
Линделл Бронхэм, Австралия ұлттық университетінің профессоры:
- Ауыл мен қала халқының арасында байланыс неғұрлым артқан сайын, тілдердің жоғалу қаупі соғұрлым жоғарылай береді. Бұл қатынас ауыл жұртының жаңа ортаға бейімделуі үшін халықаралық қатынас тілін қолдануына итермелейді. Түптеп келгенде, алып тіл әлсіз тілдердің жойылуына әсер етеді.
Келешекте араб тілінің мәртебесі артады
20 жыл бұрын ЮНЕСКО-ның «Жоғалу алдында тұрған және жоғалған тілдердің атласы» жарық көрді. Онда 6900 тілдің 900-і жойылу алдында тұр деп берілсе, 2009 жылы бұл көрсеткіш үш есе артқан. Егер екі аптада бір тіл өліп отыратынын ескерсек, бірнеше ұрпақ жаңарған соң жүздеген тілдің тіршілігі тоқтауы мүмкін. Кейінгі мыңжылдықта қытай, испан, ағылшын, француз, араб және хинди тіліне қауіп жоқ. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2050 жылға қарай араб тілі қолданыс аясы кең тілдер қатарына кіреді.
Владимир Плунгян, ресейлік ғалым, тіл маманы:
- Тілінен айырылған ұлттың дүниетанымы, мәдениеті сол күйі жабық есіктердің ар жағында қалып қояды. Ғалымдар қанша зерттеп, өз болжамдарын айтқанымен, сол тілдің төл өкілі болмаған соң бұл ұлттың танымына терең бойлай алмайды.
Цифрлық технология — тілді сақтау құралы
Кейінгі жылдары әлем лингвистері жоғалу қаупі бар тілдерді сақтауға цифрландыру мүмкіндігін пайдалануды айтып жүр. Жасанды интеллектінің көмегімен сирек тілдердің сөздік қорын, мәтіні мен дыбыстық жазбаларын жинап, ғаламторда сақтауға болады. ЮНЕСКО-ның «Endangered Languages» жобасы көптеген тілді цифрлық форматта тіркейді. Әлемнің кез келген түкпірінен интернет арқылы тілдік материалдарға қол жеткізу мүмкіндігін арттырды. Duolingo, Memrise, Drops сияқты платформалар тіл меңгеруді жеңілдете түсті. Siri, Alexa сияқты виртуалды көмекшілер жергілікті тілде сөйлеуге ынталандырады.
Свен-Эрик Соосаар, эстониялық тіл маманы:
- Ғаламтор беттерінде кей тілдер туралы ресурстар көп кездеспейді. Бұл өте қиын. Өйткені жұрттың көбі қазір интернетті пайдаланады. Егер ол тілде сайт, ақпарат болмаса, онда халық ресурсы көп үлкен тілдерді қолданысқа енгізеді. Қалай болғанда да цифрлық технологияларды дамыту керек.
Цифрландыру арқылы тілді сақтау мен оны игерудің тиімді тетіктері:
- Тілдік деректерді архивтеу және сақтау;
- Мобильді қосымшалар мен платформалар арқылы тіл үйрену (Duolingo, Memrise, Drops);
- Әлеуметтік желілерде контент жасау (TikTok, Instagram және YouTube);
- Автоматтандырылған аударма;
- Ойындар мен интерактивті орта;
- Электронды әдебиет және мультимедиа.
Технологияға тәуелділік тіл игеру қабілетін төмендетеді
Цифрлық технологияның тіл меңгеруде маңызы жоғары болғанымен, қатынас құралының тіршілігін тоқтатуға да кері әсері бар. Технологияны қарқынды қолдану адамның тіл игеру қабілетіне белгілі бір дәрежеде теріс әсер етуі мүмкін. Онлайн аударма, виртуалды тілдесу сияқты технологияға тәуелділік, тілді ғана емес, адамды да құрдымға апарады. Мәселен, онлайн аудармашылар мен дауыстық көмекшілерді пайдалану есте сақтау қабілетін бұзып, сауатты ойлауды, тұжырымдауды тежейді. Пайдаланушының сөздік қоры азайып, сөйлесу дағдысы әлсірейді.
Гао Цзяй, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспиранты:
- Бүгінгі таңда технология таза көмекші құралдан басым факторға айналды. Сондықтан технологияның адамға әсерін зерттеу өте маңызды. Технологиялық прогрестің адами фактор үшін пайдасыз жақтары да бар. Цифрландыру адамның өзіне қарсы қолданылып жатыр. Оның рухани құндылықтарына да теріс әсер етуі мүмкін.
Тіл игеру қабілеті адамның технологияны қалай қолданатынына және қаншалықты белсенді қарым-қатынасқа түсетініне байланысты. Бірақ жылдам өзгеріп бара жатқан дүниеде үміттен күдік басым тәрізді.