CNN: Израиль медициналық ұйымдардың Газаға кіруіне тыйым салды
Израиль бірнеше үкіметтік емес халықаралық ұйымның Газа секторы аумағына кіруіне тыйым салды.
Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады. Оның ақпары бойынша, өткен аптада медициналық көмек көрсетумен айналысатын жеті ұйымға бұдан былай Газада жұмыс істеуге рұқсат етілмейтіні туралы хабарлама келген. Жағдай бұлай жалғасса, көп ұзамай бейбіт тұрғындар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай артады деген қауіп бар.
Естеріңізде болса, жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірнеше медициналық ұйымның Газаға кіруіне тосқауыл қойды деп Израильге айып таққан еді. Бірақ еврей елі «бұл айыптаулар негізсіз», деп ақталған болатын.
Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген көліктер жөнелтілді
Газа секторындағы гуманитарлық ахуал әлі де күрделі, деп хабарлайды 24kz.
Израиль медициналық ұйымдардың анклавта жұмыс істеуіне тыйым салды. Бұл аздай, еврей армиясының әуе шабуылынан жуырда халықаралық Oxfam ұйымының 6 қызметкері қаза тапты. Десе де, бүгін Израильдің «Эрез» бақылау-өткізу бекеті аумағына гуманитарлық жүк артқан ондаған көліктің келгені хабарланды. Жақын арада олар Газаға жөнелтілмек.
Израильдің «Эрез» бақылау-өткізу пункті аумағына гуманитарлық көмек тиелген ондаған жүк көлігі жетті. Дәрі-дәрмектер мен азық-түлік артылған көліктер енді Газа секторына жіберілмек. Америкалық саясаткерлердің араласуының арқасында осындай көмек көрсетілмек. Өткен аптада АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин мен мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен анклавтағы гуманитарлық ахуалды қалпына келтіру үшін Израильден нақты шара қабылдауды талап еткен еді. Әйтпесе, еврей еліне көрсетіліп жатқан әскери көмекке шектеу қоятынын мәлімдеген болатын.
Газада гуманитарлық ұйымның 6 қызметкері қаза тапты
Газа секторында Израиль әскерінің әуе шабуылынан халықаралық Oxfam гуманитарлық ұйымының 6 қызметкері қаза тапты. Соққының бірі Джабалия қаласының солтүстігіндегі палестиналық босқындарға арналған медициналық нысанға жасалған. Бұл туралы Oxfam ұйымының Таяу Шығыстағы бөлімшесінің басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, құрбандар арасында медбикелер мен дәрігерлер бар. Газа секторынан ақпарат алу қиын. Өйткені интернет пен телефон байланысы үзілген.
Ливанда қаза тапқандар саны 2464-ке жетті
Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығыс өршігелі еврей армиясының әуе соққыларынан 2464 ливандық қаза тапты. Он бір жарым мың адам жарақат алған. Бұл туралы Reuters агенттігі Ливанның Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.