Корея құда түсу бағдарламасын қолға алды
Сүрбойдақ болып жүру сәнге айналып барады
Жаһанда жалғызбасты жандардың 89%-ы жігітпен не қызбен кездесуге ұялады. Ал 75%-ының жұп таңдау бойынша талабы жоғары. Сол себепті кездесуден бас тартуға мәжбүр екен. Бұл көрсеткіш, ерлерге қарағанда әйелдер арасында тым жоғары. Сарапшылардың кейінгі зерттеуі осылай дейді.
Бойдақтар тенденциясы әсіресе АҚШ-та қатты байқалады. Мұнда америкалық жастардың 40%-ы отбасын құрмаған. Канадада да басы бос адамдар қатары артты. Еуропада Германия, Франция, Швеция жастары шаңырақ көтеруге құлықты емес. Жапондар мен оңтүстік кореялықтар үшін де үйлену кейінгі орынға ығысқан. Өйткені Жапонияда "секухара", ал Оңтүстік Кореяда "набон" деп аталатын дәстүр қалыптасқан. Қазақшаласақ, "некеден бас тарту" дегенді білдіреді. Бұл елдерде жалғыз өмір сүру мәдени тұрғыдан қалыпты құбылыс саналады.
Бойдақтар көп тіркелген елдер:
АҚШ - 40%
Канада -30%
Еуропа:
Германия – 40%
Франция – 38%
Швеция -50%
Шығыс азия:
Жапония - 40%
Оңтүстік Корея - 42%
Американдық бойдақтар бұзық келеді
АҚШ
Отау құруға құлық танытпайтын халық – американдықтар. Pew Research Center зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, АҚШ-тағы ересек тұрғындардың 40 пайызы жалғыз тұрады. Олардың шаңырақ көтеруге асықпайтын себебі – жұбына сенімсіздік. Америкалықтардың басым бөлігі, серіктесімен виртуалды қарым-қатынас орнатып, онлайн сөйлеседі. Осының кесірінен, бойдақтардың бассыздыққа бару әрекеті жиілеген. Кейінгі жылдары әйелдердің 65%-ы жұбымен кездесу кезінде түрлі зорлық-зомбылыққа тап болған.
ЦИТАТА
Ниоби Уэй, Нью-Йорк университетінің профессоры:
Біз қазір қарым-қатынас дағдарысын бастан кешудеміз. Адамдар қоршаған ортадан өзін алшақ ұстайды. Бір-бірімен араласудан алыстап барады. Өйткені жұрт әлеуметтік желіге әбден жегілген. Махаббат қатынасын да ғаламтор арқылы құрып, қажеттілігін онлайн қамтамасыз етіп отыр. Бұл адамзатты құрдымға апарады.
Жапонияда күйеуді жалға алу қызметі бар
Жапония
Махаббатты ақшаға сатып алу мүмкін емес дейміз. Бірақ Жапонияда жалға алу қызметінің арқасында махаббаттан бұрын, отбасын сатып алуға болады екен. Иә, иә, Жапония тұрғындары бақытты жанұяның рөліне ақша шашуға әзір. Көбінесе бойдақтар мен жалғызбастылар осы қызметке жиі жүгінеді. Арнайы адам жалдап, оларды өзгеге отбасым деп таныстырады. Дерекке сүйенсек, жанұяны жалға алу құны 200 доллардың шамасында. Бұл қызметті ұсынатын «Family romance» компаниясы мамандарының айтуынша, ай сайын 250 өтініш түседі. Әсіресе, қарым-қатынас құруда қиындыққа тап болған немесе отбасылық міндеттемеден бас тартқан бойдақтар осындай шешімге жүгінеді. Бұл әдіс жалғызбастыларға өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезінуге септігін тигізеді, - дейді.
ЦИТАТА
Ишии Юичи, «Family Romance» компаниясының негізін қалаушы
Танысымның баласын әкесі жоқ болғаны үшін жеке мектепке қабылдамай қойды. Жапон қоғамының әділетсіздігі үшін ішім удай ашыды. Амалсыз өзімді оның әкесі ретінде таныстырып, мәселені шештім. Осылайша Жапонияда алғашқылардың бірі болып, отбасын жалға алу қызметін аштым.
Корейлер құда түсу бағдарламасын қолға алды
Оңтүстік Корея
Ал Оңтүстік Кореяда үкімет құда түсу бағдарламасын қолға алды. Бұл арқылы жұмыстан қолы босамайтын қыз-жігіттерді үйлендіріп, халық санын көбейтпек. Өйткені елде қыз-келіншектер қауымы отбасын құрудан бұрын қызметті бірінші орынға қояды. Сөйтіп үкіметтің өзі оң жақта отырған қыз бен сүрбойдақтар тенденциясын азайту үшін құда түсіп, кездесу кештерін ұйымдастырып жатыр.