Әлем елдері квадроберлерге қарсы қандай шара қолданып жатыр?
«Баланың көңілі далада». Бала үшін алаң көбейді. Соның бірі –квадробика. Өйткені жануардың кейпіне еніп, төртаяқтап жүру қоғамда сәнге айналып барады.
Квадробиканың түп төркіні – Күншығыс елі. Осыдан 16 жыл бұрын жапондық спринтер жүз метрді 18,5 секундта төртаяқтап жүгіріп өткен. Бұл – рекорд. Сол-ақ екен оған еліктеушілер қаптады.
Квадроберлерге қарсы әлем елдері қандай шара қолданып жатыр? Сарапшыларының бұл құбылысқа көзқарасы қандай?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Иә, қоғамды елең еткізген ерсі қимыл ғаламторда үлкен танымалдылыққа ие болуда. Кей психологтар мұны спорттық дағды десе, енді бірі мұны «қоғамды азғыру әдісі» деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
Квадробика Күншығыс елінен бастау алады
Квадробиканы жапондық Кеничи Ито атты спринтер бастаған дейді. Ол бала кезінен-ақ төртаяқтап жүгіретін. Маймылша секіріп, көпшіліктің көңілін аулаған Ито бұл өнерін пайдаға асыруды көздейді. 2008 жылы 100 метрді 18,5 секундта жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енеді. Бұдан соң атағы жайылып, Жапонияда оған еліктеушілер көбейеді. Іле-шала америкалықтар, одан әлемнің өзге жастары да әуестеніп сәнге айналған.
Татьяна Татаринцева, отбасылық психолог:
- Менің байқауымша, бұл әрекетке көбіне бастауыш сыныптағы балалар әуес. Егер баланың білім алуға құштарлығы төмендесе, психикасы әбес әрекеттерді жасауға бейімделе бастайды. Стресске тап болған оқушы тіпті жануардың азығын жеуді үйренеді. Ол аздай, науадан су ішеді. Баланың психикасының қаншалықты нашарлайтынын енді елестетіп көріңіз.
Ал дене шынықтыру мамандары: «Квадробиканың пайдалы тұстары бар», - дейді. Яғни, дененің барлық бұлшықеті қимылдайды. Тіпті төртаяқтап жүрудің бірнеше түрі бар екен. Оның алғашқысы – жапондық спринтердің техникасына негізделген маймыл стилі. Ол жылдам, серпінді қозғалыстармен сипатталады. Баяу қозғалыс аю стиліне жатады. Кейінгісі мысық тәрізді жүру. Бұл қимылда акробатикалық элементтер қолданылады.
Алекс Полиш, жеке тренер:
- Квадробика – барлық денені қимылдату арқылы епті болуға үйрететін жаттығу түрі. Бұл қимылдар әр түрлі дене түрлеріне оңай икемделеді. Сондай-ақ жүрек соғу жиілігін арттырады.
Өзбекстанда субмәдени іс-қимыл үшін айыппұл көзделген
Қазір квадробикаға біраз ел тыйым салып жатыр. Өзбекстанда жануарларға еліктеуші жастар жазасыз қалмайды. Билік әбес әрекетке барғандардың ата-аналарына 147 АҚШ доллары көлемінде айыппұл сала бастады. Сондай-ақ ел тұрғындарына Өзбекстанның «Білім туралы» Конституциясы мен заңында белгіленген құқықтық нормаларды сақтауды талап етті. Бұл мінез-құлықтың кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығына зиян тигізіп, агрессияға әкелуі мүмкін екені ескертілген. Ресей де бұл мәселенің алдын алуға әлден тырысып жатыр.
Ресейде квадробикаға тәуелділер жазаға тартылады
Көрші елде квадробикаға тәуелді балалардың тәртіпсіздігі үшін ата-аналарына заң жүзінде шара қолдану қарастырылып жатыр. Құқықбұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Орыс Православие шіркеуінің діни қызметкері Геннадий Шкиль квадроберлердің әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруды ұсынды. «Қатаң шара қолданылмаса, қоғамға үлкен қауіп төніп тұр», - дейді ол.
Геннадий Шкиль, Ресей православие шіркеуінің діни қызметкері:
- Біз өмір сүріп жатқан қоғамда кей ересектердің психикалық ауытқушылығы бар дер едім. Өйткені балаларының ит-мысық құсап, үріп, мияулағанын көріп, қой деудің орнына, «күшігім», «марғауым», «жарайсың» деп еркелетеді. Олай болса, балаларын педиатрға емес, ветеринарға апарып көрсетуі керек қой. Алдымен ата-аналады жөнге салу керек.
Еуропада ерсі қылық танытқандарға қарсы шара қаралуда
Бұл әрекет Еуропада да белең алды. Кәрі құрлық елдері ерсі қылық танытқан балалар мен жасөспірімдерге қарсы шара қолданып, жазаға тартуды жөн санайды. Қазір кей елдерде квадробикаға шектеу қою жолдары қарастырылып жатыр. Әзірге бұл бастаманың заңды түрде қашан қолданысқа енетіні белгісіз.
Итке айналған адам
Естімеген елде көп. Қыруар қаражат жұмсап, итке айналған жігіт те, квадробиканы бастаған Жапония азаматы. Желінің басты кейіпкеріне айналған Токо есімді жапондық арманын жүзеге асыру үшін иттің костюмін тіктірген. The Guardian басылымы осылай деп жазады. Олардың айтуынша, мамандар ит терісі іспетті костюмді 40 күн дайындаған. Оған бас-аяғы 12 мың еуро қаражат жұмсалыпты. Токо қазір адам ішетін тамақтан бас тартқан. Ит құсап үйшікте өмір сүреді. Итаяқтан ас ішеді. Тіпті көшеде ит сияқты үріп, өзінің күнделікті өмірін әлеуметтік желіде дәріптеп жүр. Ол жариялаған видеолардың қаралым саны 25 млн, ал жазылушылар қатары 400 мыңнан асып кеткен.
Токо:
- Бала кезден имиджімді өзгертуді армандадым. Иттің киімін кигенде өзімді бақытты сезінемін. Өйткені қиялым шындыққа ұласады.
Иә, әр кәллада бір қиял. Бірақ квадробика көпшілікті шошытып отыр. Өйткені бала көңілі сенгіш. «Ертең жаппай осындай әрекеттерді қайталап, жаман әдетке үйір бола ма» деген қауіп бар.