Анкарада Қазақстанның Республика күні аталып өтті
Түрік елінің астанасы Анкарада Қазақстанның Республика күніне арналған салтанатты қабылдау кеші өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған зиялы қауым мен шетелдік дипломатия өкілдері және Түркияда тұратын қандастарымыз қатысқан. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған мерекелік іс-шарада ән-күйден бөлек, қазақы дастархан да жайылды. Қонақтарға киіз үйде ұлттық тағамдар ұсынылды. Кешке Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш қатысып, Атажұрттағы туыс жұртты Республика күнімен құттықтады.
Нуман Куртулмуш, Түркия ұлы ұлттық мәжілісі төрағасы:
- Қазақта мынадай сөз бар: «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген. Түркі мемлекеттері арасындағы осы ынтымақтастықты күн сайын нығайтып, жолымызды жалғастырып келеміз. Сонымен қатар Қазақстанның әйгілі тұлғаларының бірі, Берлиндегі Түрік Шейіттігінде жатқан Мұстафа Шоқайдың «Әр түркінің бірінші өз Отаны болса, екіншісі – Түркия» деген маңызды сөзі бар. Қазақстанның, Түркістанның, Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы әлемге таралған жердің дос және бауырлас халықтарымен бірге ұлттық мерекеде болғаныма қуаныштымын. Түркия мен Қазақстан арасындағы достық мәңгілік болсын.
Тургай Узун, Османие Қорқыт ата университетінің ректоры, профессор:
- Қазақстан да біздің Отанымыз. Сондықтан бұл – құтты күн. Бауырларымыздың қуанышын бөлісу үшін Османие қаласынан арнайы келдім. Тіліміз, тарихымыз бен салт-дәстүріміз бір. Бұл бірлікті болашаққа да апармақпыз. Қазақ-түрік қарым-қатынасы күн сайын қарыштап дамып келеді. Барлық салада ынтымақтастығымыз жоғары. Оны одан сайын нығайту үшін Түркия билігі барын салып отыр. Республика күніміз құтты болсын! Қуатты Қазақстанды көру бізді әрқашан да қуантады.