Квадробика Күншығыс елінен бастау алады

Квадробика Күншығыс елінен бастау алады

«Баланың көңілі далада». Қазір бала үшін алаң көбейді. Соның бірі – квадробика. Жануардың кейпіне еніп, төртаяқтап жүру қоғамда сәнге айналып барады, деп хабарлайды 24kz.

Оған еліктеушілердің дені – балалар мен жасөспірімдер. Ерсі қылықпен әлемді елең еткізген квадроберлерге әлем елдері қандай шара қолданып жатыр?

Квадробиканы жапондық Кенити Ито атты спринтер бастаған. Ол бала кезінен-ақ төртаяқтап жүгіретін. Маймылша секіріп, көпшіліктің көңілін аулаған Ито бұл өнерін пайдаға асыруды көздейді. 2008 жылы 100 метрді 18,5 секундта жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енеді. Бұдан соң атағы жайылып, Жапонияда оған еліктеушілер көбейеді. Іле-шала америкалықтар, одан әлемнің өзге жастары да әуестеніп сәнге айналған.

 

Жапондық жігіт иттің кейпіне енді

Қыруар қаражат жұмсап, итке айналған жігіт те квадробиканы бастаған – Жапония азаматы. Желінің басты кейіпкеріне айналған Токо есімді жапондық арманын жүзеге асыру үшін иттің костюмін тіктірген. The Guardian басылымы осылай деп жазады. Олардың айтуынша, мамандар ит терісі іспетті костюмді 40 күн дайындаған. Оған бас-аяғы 12 мың еуро қаражат жұмсалыпты. Токо қазір адам ішетін тамақтан бас тартқан. Ит құсап үйшікте өмір сүреді. Итаяқтан ас ішеді. Тіпті көшеде ит сияқты үріп, өзінің күнделікті өмірін әлеуметтік желіде дәріптеп жүр. Ол жариялаған видеолардың қаралым саны 25 млн, ал жазылушылар қатары 400 мыңнан асып кеткен.

 

Өзбекстанда квадробикаға тыйым салынды

Қазір итше үріп, мысықша мияулаған ерсі әрекетке біраз ел тыйым салып жатыр. Өзбекстанда жануарларға еліктеуші жастар жазасыз қалмайды. Билік әбес әрекетке барғандардың ата-аналарына 147 АҚШ доллары көлемінде айыппұл сала бастады. Сондай-ақ ел тұрғындарына Өзбекстанның «Білім туралы» Конституциясы мен заңында белгіленген құқықтық нормаларды сақтауды талап етті. Бұл мінез-құлықтың кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығына зиян тигізіп, агрессияға әкелуі мүмкін екені ескертілген.

 

Ресейде квадробикаға тәуелділер жазаға тартылады

Ресейде де квадробикаға тәуелді балалардың тәртіпсіздігі үшін ата-аналарына заң жүзінде шара қолдану қарастырылып жатыр. Құқықбұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Орыс Православие шіркеуінің діни қызметкері Геннадий Шкиль квадроберлердің әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруды ұсынды. «Қатаң шара қолданылмаса, қоғамға үлкен қауіп төніп тұр», - дейді ол.

Шкиль, Ресей православие шіркеуінің діни қызметкері:

- Біз өмір сүріп жатқан қоғамда кей ересектердің психикалық ауытқушылығы бар дер едім. Өйткені балаларының ит-мысық құсап, үріп, мияулағанын көріп, қой деудің орнына, «күшігім», «марғауым», «жарайсың» деп еркелетеді. Олай болса, балаларын педиатрға емес, ветеринарға апарып көрсетуі керек қой. Алдымен ата-аналады жөнге салу керек.

 

Еуропада ерсі қылыққа тыйым салынуы мүмкін

Бұл әрекет Еуропада да белең алды. Кәрі құрлық елдері ерсі қылық танытқан балалар мен жасөспірімдерге қарсы шара қолданып, жазаға тартуды жөн санайды. Қазір кей елдерде квадробикаға шектеу қою жолдары қарастырылып жатыр. Әзірге бұл бастаманың заңды түрде қашан қолданысқа енетіні белгісіз.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева