Куба халқы әлі жарықсыз отыр
Куба халқы бірнеше күн бойы жарықсыз отыр, деп хабарлайды 24kz.
Өткен аптаның соңында елдегі ең ірі электр станциясы істен шықты. Жұрт жарықсыз күн көріп әлек боп жатқанда аралда тропикалық дауыл соғып, жығылғанға жұдырық болды.
Жарық жоқ. Үйдің іші ыстық. Содан кубалықтар кешкі уақытта көшеге шығып, көңілдерін түсірмеуге тырысуда. Амалы таусылған тұрғындар проблемаға биліктің назарын аудару үшін ыдыс-аяқ сылдырлатып, өз наразылығын білдіруде.
Билік проблеманың барын мойындап отыр. Елде энергетикалық дағдарысқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.
Мигель Диас-Канель, Куба президенті:
- Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Инфрақұрылымдардың 36%-іне электр энергиясы берілді. Алдағы уақытта жағдай біртіндеп жақсаруы тиіс.
Бірақ тұрғындардың оған сенгісі жоқ. Өйткені өткен аптаның соңынан бері мамандар электр энергиясының берілуін қалпына келтіріп жатқанымен, жарықтың жаппай өшірілуі осымен бірнеше рет қайтаналып отыр.
Блиц 1:
-Жұмадан бері жарық жоқ. Үйде 85 жастағы әжеміз бар. Сол кісіге қиын. Электр энергиясымен қоса су да жоқ.
Блиц 2:
- Кеше кейбір аудандарда үш сағатқа жарық берді деп естідік. Бізде сол жұмадан бері электр энергиясы әлі жоқ. Телефондарымыз өшіп тұр. Тоңазытқыш жұмыс істемейді. Ішіндегі азық-түліктің бәрі бүлінді.
Кубаға демалуға баратын саяхатшы көп. Туризм өкілдері мына жағдай салаға кері әсер етіп жатқанын айтады. Қонақ үйлерге шағым түсіргендер аз емес. Үйлеріне ерте қайтып кеткендері де жетерлік. Десе де, демалушылардың көбі бұл жағдайға түсіністікпен қарап жатыр.
Блиц 3:
- Газет-журналдарда Кубадағы проблема туралы жазып жатыр. Біз бәрін біліп келдік. Қонақ үйде не жарық, не су болмады. Десе де, кубалықтар бізді жылы қарсы алып, қолдарынан келгенше көмек көрсетіп жатыр.
Блиц 4:
- Біз келгенде жарық болмады. Әуежайда қиындықтар туындады. Бірақ осының өзі бізге қызық. Қонақ үйде отыра бермей, көшеге шығып, тұрғындармен жақынырақ таныстық. Бірге көңіл көтердік.
Жарықтың жаппай өшірілуіне электр станцияларындағы ақау себеп. Нысандардың көбінің тозығы жеткен. Ол аздай, аралды мемлекетте экономикалық дағдарыстан станциялардың қызметіне қажетті жанармай да тапшы. Осыған байланысты Кубада жарықтың өшірілуі жиі қайталанатын болған. Бірақ мынадай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр. Билік алдағы сағаттарда бәрі қалпына келеді деп уәде етеді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева