Иракта бидай мол жиналды

Ирак климаттың өзгеруінен ең қатты зардап шеккен 5 аймақтың біріне кіреді, деп хабарлайды 24kz.

Сол себепті де кейінгі жылдары бидай өндірісі қысқарып, 46 млн тұрғынды астықпен қамтамасыз ету үшін мемлекет астықты сырттан жеткізіп жүр. Бірақ биыл фермерлер оң өзгеріс барын айтады. Ал Еуроодақта зәйтүн майының өндірісі қалпына келе бастады. Бірақ Газа секторының ауыл шаруашылығындағы ахуал алаңдатарлық.

Ирак – Таяу Шығыстағы бидайдың ең ірі импорттаушыларының бірі. Жылдық көрсеткіш 5 млн тоннаға дейін жетеді. Бұған климаттың өзгеруі себеп. Оның үстіне ұзақ жылдарға жалғасқан қарулы қақтығыс тағы бар. Содан егіс алқаптарының көбі жарамсыз боп қалған. Астықты сырттан жеткізуінің себебі де осы. Бірақ биыл жағдай күрт өзгерді. Мемлекет ірі көлемде бидай жинады. Тіпті 1,5 млн тоннасы артылып қалған. Өйткені биыл жаңбыр мол жауды. Оның үстіне мемлекет фермерлерге бөлінетін субсидияны ұлғайтқан. Мұның бәрі импортқа тәуелділікті азайту үшін жасалып отыр. Осы мақсатта 1 қыркүйектен бастап ұн импорты үшін баж салығы енгізілді. Қазір оның мөлшері 10% болса, 1 қаңтардан бастап 25% -ке дейін жетеді.

 

Еуроодақта зәйтүн майының өндірісі қалпына келе бастады

Еуроодақта зәйтүн майының өндірісі қалпына келе бастағанға ұқсайды. Кейінгі екі жылда мұнда жағдай күрделі болған. Қуаңшылықтан өндіріс көлемі күрт азайып, бұдан баға да шарықтап шыға келді. Бірақ ірі өндірушілер – Испания, Грекия мен Португалия құрғақшылықтан кейін біртіндеп қалпына келе бастады. Содан алдағы маусымда өндіріс көлемі 32%-ке артады деген болжам бар. Тиісінше, баға да төмендейді. Қазірдің өзінде оң өзгеріс байқалуда. Испанияда былтыр зәйтүн майының бір литрі 9 еуроға сатылса, қазір 7,5 еуроға жуықтайды. Соның өзінде бұл кейінгі 5 жылдағы орташа көрсеткіштен жоғары. Ол кезде зәйтүн майы 5 еуроға сатылатын.

 

Газа секторында егіс алқаптарының 68% бүлінген

Ал Газа Секторында әскери іс-қимылдардан осы зәйтүн ағаштарының 75%-і бүлінген. БҰҰ-ның өкілдері ол аздай, кейбір өңірде Израиль әскері зәйтүн дәндерін жинауға кедергі келтіріп жатқанын айтады. Жалпы атыс-шабыстан Газадағы егіс алқапатарының 68%-і жарамсыз болып қалған. 600 гектар аумақтағы жылыжайлар да бүлінген. Қарулы қақтығыстан мал шаруашылығына да зор шығын келді. Ірі қара малдың 95%-і қырылған. Құс шаруашылығындағы қанаттылардың тек 1%-і ғана тірі қалған. БҰҰ мұның бәрі өңірдегі аштық қаупін арттырып отырғанына алаңдаулы.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева