Израиль БҰҰ бітімгерлеріне қарсы ақ фосфор қолданды деген күдікке ілінді
Израиль әскері Ливандағы Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлеріне қарсы ақ фосфор қолданды деген күдікке ілінді.
Бұл туралы араб еліндегі құпия құжатқа сілтеме жасаған Financial Times хабарлаған. Басылымның жазуынша, Израиль 8 қазаннан бері БҰҰ күштерінің штабына онға жуық шабуыл жасады. 13 қазанда еврей елінің әскері Рамьядағы ЮНИФИЛ базасын ақ фосфоры бар снарядтармен атқылап, 15 бітімгерді жаралаған. Олар қазір асқазан-ішек жолы және тері ауруларымен ауруханада жатыр. Ал Израиль әскері: «Ақ фосфорды жаралы сарбаздарын құтқару үшін түтін ретінде шаштық», деп ақталған.
Айта кетейік, Ливандағы қарулы қақтығыс болып жатқан аймаққа жақын жердегі Фауар базасында 139 сарбаздан тұратын БҰҰ миссиясының құрамында қазақстандық жауынгерлер де бар.