Анкарадағы терактіден төрт адам көз жұмды

Түрік аэроғарыш өнеркәсібіне жасалған лаңкестік шабуылдан 4 адам қаза тапты.

14 азамат жарақат алды. 2 лаңкестің көзі жойылды. Бұл туралы ел президенті Реджеп Тайип Ердоған Татарстанға жасаған сапары барысында мәлімдеді. Құқық қорғау органдары жағдайды бақылауға алып, тергеу жұмыстарын бастады. Ол үшін 9 тергеуші жұмылдырылды. Естеріңізге сала кетейін, Түркия уақытымен шамамен сағат 17:00-де Анкарадағы Аэроғарыш компаниясы ғимаратының аумағында жарылыс болды. Оқиға орнында іле-шала атыс дыбысы да естілген. Көп ұзамай оның лаңкестік шабуыл екені анықталды. Жергілікті «Habertürk» телеарнасы күдіктілердің ғимаратқа кіргені көрінетін бейнежазба жариялады. Онда қарулы екі адамның бірі ер адам, екіншісі әйел екенін байқауға болады. Айта кеткен жөн, Түрік аэроғарыш өнеркәсібі сыртқы тәуелділікті азайту мақсатында құрылған стратегиялық мекеме. Қорғаныс саласын қажетті ірі әскери қару мен көлік, ұшақтары тап осы жерден шығарылады.

Али Йерликая, Түркияның ішкі істер министрі:

- Анкараның Қазан ауданында жергілікті және ұлттық қорғаныс өнеркәсібіміздің көзінің қарашығындай болған ТUSAŞ-қа /Тусашқа лаңкестік шабуыл жасалды. Екі лаңкес, бірі ер және бірі әйел залалсыздандырылды. Өкінішке орай, бізде 4 шейіт бар. Жарақат алған 14 адамның үшеуінің жағдайы ауыр. Тезірек сауығып кетуіңе тілектеспін. Біз терроризмді айыптаймыз. Лаңкестерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Анықталған кезде оның қай террористік ұйымның мүшесі екені белгілі болады. Ұлттық бірлігіміз бен ынтымағымызға қастандық жасап жатқандардың тынысын алуға бел будық.