Анкарадағы лаңкестік құрбандарының саны артты

Анкарадағы TUSAŞ аэроғарыш өнеркәсібіне жасалған лаңкестік шабуыл кезінде қаза тапқандар саны 5 адамға жетті. Тағы 22 адам жараланған. Бұл туралы Түркияның Ішкі істер министрі Әли Ерликая мәлімдеді. Сондай-ақ ол алдын ала мәлімет бойынша шабуылдың артында Түркияда лаңкестік ұйым саналатын «Күрдістан Жұмысшы партиясының» тұрғанын айтты. Екі содырдың көзі жойылған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Түркия уақытымен кеше сағат кешкі 5-те Анкарадағы Аэроғарыш компаниясы ғимаратының аумағында жарылыс болды. Оқиға орнында іле-шала атыс дыбысы да естілген. Көп ұзамай лаңкестік шабуыл екені анықталды. Жергілікті «Хабер-Түрк» телеарнасы күдіктілердің ғимаратқа кіргені көрінетін бейнежазба жариялады. Онда қарулы екі адамның бірі ер, екіншісі әйел екенін байқауға болады. Түрік аэроғарыш өнеркәсібі – сыртқы тәуелділікті азайту мақсатында құрылған стратегиялық мекеме. Қорғаныс саласына қажетті әскери қару мен көлік, ұшақ шығарады.