Газа секторында дәрі-дәрмек тапшы
Анклавтың денсаулық сақтау министрлігі осыған байланысты дабыл қағып жатыр.
Жағдай әсіресе солтүстік аймақтарда күрделі. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек пен материалдар жетіспейді. Гуманитарлық көмек екі аптадан бері жеткізілмеген. Жедел жәрдем машиналары үздіксіз атқылаулар салдарынан жаралыларды тасымалдай алмай жатыр. Өткен тәулікте Израиль әскері шабуылынан тағы 74 палестиналық қаза тапты. 130 адам жараланды, деп хабарлады Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі.
Хусам Абу Сафия, Камаль Адван ауруханасының директоры:
- Біз шұғыл көмек сұраймыз. Бізге қан, дәрі-дәрмек, жабдықтар жеткізу үшін қауіпсіз гуманитарлық дәліз керек, әйтпесе жарақат алғандар бірнеше сағат ішінде көз жұмады. Қызметкерлердің жетіспеушілігіне байланысты кімге бірінші көмек көрсететінімізді таңдауға тура келіп жатыр.
Полиомиелитке қарсы вакциналаудың үшінші кезеңі де кейінге қалды
Тоқтаусыз шабуылдар кесірінен Газа секторында полиомиелитке қарсы вакциналаудың үшінші кезеңі кейінге қалды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері хабарлады. Жаппай вакциналау 23 қазанда басталуы тиіс еді. Бұл полиомиелитке қарсы иммундау науқанының соңғы кезеңі болатын. Ол анклавта қыркүйек айының басында басталған. Үшінші кезеңде 119 мыңнан астам баланы вакцинациялау жоспарланған болатын.