Әлемдік көшбасшылар Анкарадағы лаңкестікті айыптады
Әлемдік көшбасшылар Түркиядағы лаңкестікті айыптады. Олардың арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш, Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, НАТО бас хатшысы Марк Рютте және басқалар бар. Олар бейбіт адамдардың қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Сондай-ақ саясаткерлер лаңкестіктің барлық түріне қарсы сөйлеген. Түркия президентіне Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби де қолдау білдірді.
Джон Кирби, Ақ Үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі:
- Біздің ойларымыз бен дұғамыз Анкарадағы сұмдық лаңкестік құрбандарының рухымен бірге. Қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз. Шабуылға не түрткі болғанын және мұның артында нақты кім тұрғанын әзірге білмесек те, біз бұл озбырлықты айыптаймыз.