Түркия билігі лаңкестіктің артында кім болуы мүмкін екенін анықтады

REUTERS

Анкарадағы Түрік аэроғарыш өнеркәсібі штаб-пәтерінде болған лаңкестік шабуыл Түркияны дүр сілкіндірді, деп хабарлайды 24KZ. Шабуылдан бес адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды. Түрік билігі: «Бұл шабуылға елде тыйым салынған Күрдістан жұмысшылар партиясы (PKK) жауапты болуы ықтимал», – дейді.

Анкараның Қахраманқазан ауданында әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын түрік TUSAŞ корпорациясы ғимаратының жанында жарылыс, артынан атыс болды. Құқық қорғау органдары шабуыл жасаған екі содырдың көзін жойды. Анкара бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеу бастады. Теракт салдарынан 5 адам қаза тауып, 22 адам жараланды.

Жевдет Йылмаз, Түркия вице-президенті:

- Шәйіт болған ішінде такси жүргізуші ағамыз бар. Қалғандары – TUSAŞ қызметкерлері. Біздің полицейлер арасында шейіт болғандар жоқ, 7 қауіпсіздік сақшымыз жарақат алды. Біреуінің жағдайы ауыр. Тағы біразы ауруханада жатыр.

Түркия билігі Анкарадағы терактіні Күрдістан жұмысшы партиясының мүшелері жасаған деп болжайды.

Әли Йерликая, Түркия Ішкі істер министрі:

- Содырларды анықтау процесі жалғасып жатыр. Бұл оқиғаның артында тұрғандар Күрдістан жұмысшы партиясы сепаратистік лаңкестік ұйымы екенін сенімді түрде айтуға болады. Шабуылдың егжей-тегжейі тергеу аяқталған соң толық жарияланады.

Татарстанға БРИКС саммитіне барған Ердоған бұл орайда Түркияға бағытталған кез келген лаңкестік ұйымның әрекеті жауапсыз қалмайтынын ескертті.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Сіздерге көңіл айтқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен бұл сұмдық лаңкестік әрекетті айыптаймын. Қаза тапқандардың рухы Алланың мейіріміне бөленсін!

Түркия дереу жауап қайтарып, Ирак пен Сириядағы Күрдістан жұмысшылар партиясы нысандарына әуежен шабуыл жасады. 

 

Қорғаныс министрлігі «PKK»-ның 32 позициясы жойылғанын хабарлады.

Көптеген лаңкестің көзін жойған әуе операциясы әлі жалғасып жатыр. «PKK» Күрдістан жұмысшы партиясы сепаратистік лаңкестік ұйымы 35 жылдан астам уақыт бойы Түркияның шырқын бұзып, қарсы шабуылдар ұйымдастырып келеді. Олардың бұл лаңкестік әрекеттері мыңдаған адамның өмірін қиды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Анкарадағы Аэроғарыш компаниясы ғимаратының аумағында жарылыс болды. Оқиға орнында іле-шала атыс дыбысы да естілген. Көп ұзамай оның лаңкестік шабуыл екені анықталды. Жергілікті «Habertürk» телеарнасы күдіктілердің ғимаратқа кіргені көрінетін бейнежазба жариялады. Онда қарулы екі адамның бірі ер адам, екіншісі әйел екенін байқауға болады.

Айта кеткен жөн, Түрік аэроғарыш өнеркәсібі – сыртқы тәуелділікті азайту мақсатында құрылған стратегиялық мекеме. Қорғаныс саласына қажетті ірі әскери қару, көлік пен ұшақтар тап осы жерде жасалады.