Германияда Қазақстанның Республика күні атап өтілді
Алмания астанасында Қазақстанның Республика күніне арналған салтанатты қабылдау кеші өтті.
Оған Бундестаг депутаттары мен министрлік өкілдері, іскерлік және ғылыми қауым мүшелері мен шетелдік дипломаттар және Германияда тұратын қандастарымыз бен қазақстанда туып-өскен немістер қатысты. Еліміздің Германиядағы елшілігі ұйымдастырған мерекелік іс-шарада ән-күйден бөлек, қазақы дастархан да жайылды.
Салтанатты қабылдау кеші дәстүрлі сай қос елдің әнұранымен басталды. Қазақстаның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов еліміздегі ауқымды реформалар мен қазақ-герман серіктестігінің елеулі жетістіктеріне тоқталды. Германия тарапы да достық рәуіште дамып келе жатқан стратегиялық ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, Республика күніне орай жылы лебізін білдірді.
Михаэль Кельнер, Экономикалық істер және климат жөніндегі федералды министрдің парламенттік статс-хатшысы:
- Қазақстанмен ынтымақтастықты берік ете түсу Германия үшін аса маңызды. Бұған соңғы уақыттарда болған жоғары деңгейлі іссапарлар дәлел. Жаңармалы энергия, жасыл сутегі, логистика және пайдалы қазбалар саласында сәтті жобалар боларына сенімім мол. Республика күнінде Қазақстан халқына бар жақсылықты, қарыштап дами беруді тілегім келеді!
Катрин Будде, Германия Бундестагінің депутаты, Мәдениет және Бақ бойынша комитет төрағасы:
- Біздің елдеріміздің арасында парламентаралық ынтымақтастық жақсы деңгейде дамып келеді. Арнайы топ та құрылды. Қазақстандағы реформаларды ескерсек, бұл институттардың рөлі артып жатыр. Алда мәдени байланыстарымызды арттыра түссек деген жоспар бар. Германия мәдениеті де Қазақстан аудиториясына қызық деп ойлаймын. Өткен қыркүйек айының соңындағы екі ел арасындағы келісім осы бағытта жемісті жұмыс істеуге мол мүмкіндік береді.
Конрад Арц Фон Штрауссенбург, федералдық сыртқы істер министрлігінің шығыс еуропа, кавказ және орталық азия бойынша уәкілі:
- Ең алдымен Қазақстанның Республика күні құтты болсын! Елдеріміздің арасындағы серіктестік өте жемісті болып келеді. Канцлер Шольцтың өткен айдағы сапары, Қазақстанның С5+1 форматындағы саммитті сәтті өткізуі ынтымақтастық қарқынын одан әрі арттыратынына сенімдімін. Бұған біз баса мән беріп отырмыз.
Тараптардың дені дәл сол Канцлер Олаф Шольцтың Қазақстанға сапарының жемісті болғанына тоқталды. Жалпы құны 6 млрд АҚШ долларын құрайтын 30-ға жуық құжатқа қол қойылған сәт индустрия мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарды.
Клаус-Дитер Барбкнехт, Фрайберг тау-кен академиясы техникалық университетінің ректоры:
- Біздің техникалық университет Астана және Алматыдағы оқу орындарымен ғана шектеліп қалмай, Қазақстанның өзге де қалаларындағы білім ордаларымен ынтымақтастықты арттырып келеді. Сол арқылы екі елдің индустриясының өсіуіне зор үлес қосуды мақсат етеді. Зерттеу мен білім беру саласындағы бірлескен жобаларымызды арттыру арқылы ғылым мен экономиканың ілгерілеуіне ат салыса аламыз деген үміттемін. Және Республика күнінде сол дамудың қарыштап арта беруін тілеймін.
КСМ: Мерекелік іс-шараның көркін Қазақстанның танымал опера жұлдызы Мария Мудряк қыздырды. Қазақ, италия, неміс тілдерінде ән шырқаған күміс көмей әншіге жиналған жұрт қошеметін аямай, салтанатты шарада саф өнерден сусындады.
Ердана Ержанұлы, Павел Рубан