Грузияда парламенттік сайлау өтіп жатыр
Бүгін Грузияда парламенттік сайлау өтіп жатыр.
Саяси дода, билік партиясы мен оппозиция арасындағы текетірес өршіп тұрғанда өтуде. Тағы бір ерекшелік, биыл сайлауға техникалық инновациялар енгізіліп, мажоритарлы жүйе жойылды.
Бүгін Грузияда 11-ші рет парламенттік сайлау басталды. Бұл жолғы саяси дода кейінгі жылдардағы ең тартысты болғалы тұр. Себебі билік партиясы мен оппозиция арасындағы текетірес өршіп тұр. «Гүржі арманы» партиясы 12 жылдан бері билік басында келеді. Осы сайлауда төртінші рет қатарынан жеңіске жетуді көздейді. Оның басты бәсекелестері - төрт оппозициялық бірлестік. Егер оппозиция жеңіске жетсе, елде коалициялық үкімет құратынын жариялады. Бір айта кетерлігі, қай тараптың жеңетіні жайлы болжам жоқ. Анығы, электораттың белсенділігіне қарамастан, сайлау өтті деп саналады.
БЛИЦ
Хатуна: Мен бейбітшілік және отбасылық, ұлттық дәстүрлеріміздің сақталуы үшін дауыс бердім.
Тариэль: Әрқашан сайлауға қатысып, дауыс беру керек. Ал ең бастысы – біз Еуропалық Одаққа мүше болуымыз қажет.
Биыл елде аралас сайлау жүйесі жойылды. Сайлаушылар партияға емес, округтер бойынша нақты кандидаттарға дауыс береді. Сонымен қатар, дауыс беру пропорционалды жүйе бойынша өтуде. Яғни, партияларға бүкіл ел бойынша жиналған дауыстардың пайыздық үлесіне сәйкес парламенттегі 150 орын бөлінеді. Парламентке тек 5%-дық межені еңсерген партиялар ғана өтеді. Жалпы депутаттық орынға 18 партия таласуда.
Ираклий Кобахидзе, Грузия премьер-министрі:
- Қазіргі сайлау 2012 жылғы саяси науқанға ұқсас. Елдің даму бағыты тағы бір мәрте анықталғалы жатыр.
Сайлаушылар тізімінде 3,5 миллионнан астам адам бар. Шетелде тіркелгендер саны 95 мыңнан асады. Биылғы сайлауға келген шетелдік бақылаушылар қатары қалың. 76 халықаралық ұйымнан 1700 адам, жергілікті ұйымдардан 23 мыңнан аса бақылаушы келген. Олардың арасында Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының өкілдері де бар.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Әр ел, әр мемлекет және әр орган сайлауды ұйымдастыру барысында сайлаушылардың сеніміне ие болуға тырысады. Сайлауды ұйымдастырушы органның іс-әрекетіне сенім бар ма, жоқ па – бұл үлкен жұмыс. Сондықтан мен әріптестерімнің жаңа технологияларды қолдану арқылы белсенді ізденіс жасап жатқандарын құптаймын.
Ашықтық пен қолжетімділікті арттыру мақсатында Грузияда сайлау алғаш рет электронды форматта өтуде: сайлаушыларды тексеру және дауыстарды санау аппараты қолданылуда. Халықтың 90%-ы осылай дауыс бере алады. Осы технологияның арқасында алғашқы алдын ала нәтижелер сайлау учаскелері жабылғаннан кейін шамамен 2 сағаттан соң белгілі болады.
Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили