Өзбекстанда парламент сайлауы өтіп жатыр
Бүгін Өзбекстанда жаңадан қабылданған конституция бойынша парламенттік сайлау өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жолы заң шығару палатасымен қатар облыс, қала және аудан кеңестері жаңармақ. Саяси науқанға тұңғыш рет аралас жүйе енгізілді. Оның ерекшелігі, халық тек бір мандатты кандидатқа емес, партиялық бірлестіктерге дауыс береді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бұл – Өзбекстан тариыхындағы VII Парламенттік сайлау. Кейінгісі 2019 жылы өткен. Осы жолғы саяси доданың жаңашыл тұстары көп. Өйткені ол жаңартылған конституцияға сай өткізіліп жатыр. Елде тұңғыш рет пропорционалды-мажоритарлық жүйе енгізілді.
Саяси додаға 5 бірдей партия қатысып жатыр. Парламенттің төменгі палатасына депутат болу құқығы тек 150 кандидатқа беріледі. Биыл сайлауға ұзын-саны 875 кандидат тіркелген. Оның 500-і партиялық тізім бойынша саяси додаға түссе, қалғаны бір мандатты округтерден депутат орынтағына үмітті. Ал сайлауда 20 млн-ға жуық өзбекстандық таңдау жасайды.
Феруза Саидқасимова, қала тұрғыны:
- Өзбекстанның жарқын келешегі үшін дауыс бердім. Халқымыз тыныш болып, жастарымыздың сапалы білім алып, әділетті ортада өмір сүргенін қалаймын.
Қазір сайлау учаскелерінде 800-ден астам халықаралық байқаушы дауыс беру барысын қадағалауда. Олардың ішінде ТМД, түркі мемлекеттері, Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымдарының арнайы миссия өкілдері бар.
Қарақат Әбден, қазақстандық байқаушы:
- Олар өте белсенді. Жастары, орта жастағы азаматтары болсын, саясатқа жақындығы зор. Кандидаттардың 40%-і – әйел. Бұл өте жақсы. Гендерлік теңдік деген жақсы. Халық ақпаратқа қанық. Ол да жақсы.
Айта кетейік, бұл жолы Өзбекстанда мерзімінен бұрын дауыс беру өтті. Яғни, сайлау күні тұрғылықты жерінде бола алмайтын азаматтар үшін 16-23 қазан аралығында таңдау жасау мүмкіндігі ұсынылды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Сондай-ақ ел ішіндегі 10 учаскеде пилоттық негізде электрондық дауыс беру жүйесі енгізілді. Оның алдын ала қорытындысы ертең белгілі болады. Еске салайық, Өзбекстан Олий Мәжілісі қазақстандық парламент моделімен ұқсас. Сенат және заң шығару палатасынан тұрады.
Авторы: Рауан Мыңбаев