Өзбекстанның туризм саласына жаңа бағыттар енгізіледі

Өзбекстан туризм саласын барынша түрлендіріп жатыр.

Бұл ел көне ғимараттар, қасиетті орындары, өзіндік бай дәстүрімен тіпті ас-ауқатымен де әлемге әйгілі екені белгілі.

Өзбекстан енді шетелдіктерді өндірістік әлеуетімен қызықтырып, арнайы тур ұйымдастыруға ниетті. Министрлер кабинеті қазірдің өзінде өнеркәсіп, әскер, ғылым мен геология саласында бірқатар туристік бағыт ашуға кіріскен.

Өзбек жеріндегі «Ичан қала» қорық музейі әлемдік мұралар тізіміне енген. Бұл мекеннің көне мешіт-медрселері, көк күмбезі мен мұнаралары қайталанбас сәулет өнерімен ерекше. Тарихи шаһарға бірер жыл бұрын заманауи инфрақұрылым жүргізілді. Қалашықтағы көне 400 тұрғын үй мен 60-қа тарта ескерткіш коммуникация желісімен қамтылды. 

Хорезмдіктер өзіндік салт-дәстүрге бай. Сан ғасырдан бере келе жатқан «Лязги» биінің қимылдары ешбір жерде кездеспейді. Жергілікті өнерпаздар оны асқан шеберлікпен орындайды. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Әдетте Хиуада жүргендер назары жергілікті жұрттың баскиіміне түседі. «Чогирма» деп аталатын мынадай бұйым ерлерді қыста аязда ғана емес, жазда аптаптан қорғайды. Себебі ол қой жүнінен тоқылғандықтан барлық жыл мезгілігіне сай қолайлы температураны сақтап тұрады. Баскиім бірнеше түрге бөлінеді әрі мағынаны білдіреді. Мәселен, түсі қоңырқай келетін үлгілері ауқаттылықты аңғартса, ашық түстестері жастық жігерді байқатады.

Осы күні Хиуа қаласының әкімшілігі тарихи ескерткіштерді көздің қарашығындай қорғап, маңайынан биік ғимараттар салуға рұқсат етпейді. Дүниежүзілік мұраларды сақтау жөніндегі арнайы талап бар. Жаңа кәсіпкерлік және мемлекеттік нысандар тек шығыс үлгіде бой көтеруі шарт.

БЛИЦ

- Орталық Азияға арнайы тур жасап жүрген аустралиялық саяхатшылармыз. Алматыдан бастап, бірнеше қаланы аралап келе жатырмыз. Қазақстан, Өзбекстаннан бөлек, Тәжікстанда болдық. Барлығы керемет.

- Пойыздан түскен бойда тарихи атмосфераға бөлендім. Тарихи орындар ұнап жатыр. Мына жерде ауа райы жайлы. Адамдардың көңіл-күйі де жаймашуақ.

Жергілікті билік осы ерекшелікті сақтап, туристік салаға жаңа бағыттар енгізуге ниетті. Бір ғана Бұқараға алдағы 3 жыл бойы 8 млн саяхатшы келеді деген болжам бар. Сарапшылардың айтуынша, елде келер жылдан бастап өнеркәсіптік, әскери, ғылыми және геологиялық туризм нысандары пайда болуы мүмкін. Министрлер кабинеті тиісті қаулыны бекіткен. Оның аясында келушілерге арнап көрме, танымдық іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары мен парламент және үкімет ғимараттарына тур ұйымдастырылады.

Рауан Мыңбаев