Қытайға саяхаттаушы саны күрт артты. LIVE
Биыл Қытайға саяхаттаушылар саны күрт өсті.
Аспан асты еліне дүниежүзінен миллиондаған турист ағылып, табыс көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.
Шығыстағы көршіміз бұған виза талаптарын жеңілдету арқылы қол жеткізді. Визасыз кіріп-шығу туралы келісім біздің елмен де жасалғалы екі ел арасындағы барыс-келіс айтарлықтай ұлғайған.
Қытай туризмінің көрсеткіштері қандай? Қазақ-қытай арасында туризм қалай дамып келеді?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Соңғы жүргізілген ресми статистикаға сәйкес Қытай елі тек үшінші тоқсанның өзінде 8 миллионнан астам шетелдік туристі қабылдаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48,8 пайызға көп. Ал оның жартысынан көбі елге визасыз кірген. Ел билігі бұл талаптарды тағы да жеңілдете түсуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде 60-қа жуық мемлекеттің азаматтары Қытайға еркін кіріп шыға алады.
Қытай билігі туризмді дамыту бағытында қарқынды әрі жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Ең бірінші ол виза талаптарының айтарлықтай жеңілдеуі. Одан кейін қызмет көрсету жоғары деңгейде. Жалпы айта берсек саланың дамуына әсер еткен фактор көп. Бұл елде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің мүмкіндіктері ерекше пайдаланылады. Әр туристік аймақтар бойынша шағын, әрі қысқа мыңдаған бейнероликтер жасалып әлеуметтік желіде таратылады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен ұдайы жүргізіліп отырады. Тіпті шетелдің жазылымы мен қаралымы көп блогерлерін шақыртып туристік аймақтарын тегін аралатып, саяхаттатады. Есесіне осы арқылы туристік нысандарын әлем елдеріне жарнамалап отыр. Ал енді биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Жыл басынан бері аспан асты елінің Бейжің, Шанхай, Чэнду, Сиань сияқты ірі қалаларында саяхатшылар мен инвесторларды тартуға бағыттылған 20-дан астам іс-шара өткізілді. Екі ел арасында барыс-келістің артуына визасыз режим тікелей әсер еткен. Бүгінде ең көбі Қорғас арқылы өтеді. "
Чжан Лянбо, Қорғас өткізу бекетінің қызметкері:
"Орталыққа келушілер жылдағыдан ерекше көп. Қазір күніне 30 мыңға жуық адам кіріп-шығады. Кедендік рәсімдеу шараларын тез әрі тиімді жүргізу үшін кезең-кезеңімен рәсімдеуді қолға алдық. Бұл жолаушылардың санына байланысты. Кейде ұзын-сонар кезек қалыптасады. Ол кездерде қосымша қызметкерлер тартылады. Сондай-ақ, 12 өткізу жолағын бір мезетте ашуға тура келеді."
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
Жалпы туризм саласында елде бір күннен ұзақ болған адамды турист ретінде санайды. Статистика солай жүргізіледі екен. Осы тәсілмен санағанда елімізге былтыр 9 миллионнан астам шетелдік азамат саяхаттаған. Соның ішінде 400 мыңы қытайлықтар. Туристерден түскен барлық табыс 300 мың АҚШ доллары болған. Ал биылғы меже осы пайданы 500 мың АҚШ долларына жеткізу. Алғащшқы жарты жылдықтың есебі бойынша Қазақстанға барған қытайлықтар 250 мыңнан сәл асты. «Қазақ туризм» Ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес жыл басынан бері қонақ үйлерге 120 мыңдай қытайлық тоқтаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66 пайызға көп. Айта кету керек, Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының ресми жабылу салтанаты қараша айының соңына жоспарланып отыр.