Әлемдегі ауасы ең лас қалалар анықталды

Пәкістанның Лахор қаласы бірнеше күн ішінде әлемдегі ең лас қалаға айналды.

Ауадағы ұсақ бөлшектер мөлшері нормадан бірнеше есе асып кеткен. Салдарынан тынысы тарылып ауруханаға түсіп жатқандар көп.

Лахор тұрғындары көк түтінге тұншығып отыр. Шаһарды қарыс қадам көрінбейтін қалың тұман басқан. Ауа сапасын нақты уақыт режимінде көрсететін IQAir платформасы дерегінше, соңғы бірнеше күн бойы мегаполис әлемдегі ең лас қалалар тізімінде көш бастап тұр. Индекс 500 баллға жеткен яғни қауіпті жағдай орнады деген сөз. Қазір көшеде бетпердесіз жүру мүмкін емес. Бұл аздай, қою түтінге тұншығып, тамағы ашып, тынысы тарылған тұрғындар көптеп ауруханаға түсе бастаған. 

Мубашир Риаз, жергілікті тұрғын:

- Соңғы бірнеше күнде тұман қалыңдай түсті. Осыған байланысты қалада жүріп-тұру қиындап кетті. Түк көрінбейді. Мұндай ахуал адамдардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізетіні сөзсіз. Әсіресе, демікпесі бар азаматтарға. Қазір таныстарымның көбінің көзі жасауратып жөтеліп жүр. 

Үндістан, Нью-Дели

Көршілес Үндістанда да осыған ұқсас жағдай. Ел астанасы Нью-Делиде қою түтіннен айналаны көру кәдімгідей қиындаған. Осыған байланысты билік өкілдері тұрғындарды сыртқа шықпауға шақырып жатыр. Ластану деңгейін төмендету мақсатында қазір коммуналды қызмет өкілдері арнайы құрылғыларымен көшелерге су себе бастаған. Осылайша шаңды басуға тырысып бағуда. 

Рандип Гулерия, дәрігер, өкпе және тыныс алу аурулары бойынша сарапшы:

- Ауаның ластануы адамның барлық мүшелеріне кері әсер етеді. 2,5 микрон өлшеміндегі ұсақ бөлшектер тыныс алу жолдары арқылы организмге түсіп, денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін.  Ол бірден байқалғанымен, уақыт өте зиянын тигізеді.

Ауаның ластануы Үндістан үшін қалыпты құбылыс. Жыл сайын нашарлайды. Көбіне шаруалардың кесірінен. Жиын-терімнен соң алқаптарды жаппай өртей бастайды. Билік өкілдері оған тыйым салғаныме фермерлер құрғақ шөптен құтылу үшін осы әдіске жүгінеді.