Жапонияда кеспе тағамы қымбаттады

Жапонияда инфляция ең төменгі деңгейге жетті.

Жылдам кеспе сататын мекемелер өнім тапшылығы мен электр энергиясы, жалақы бағасының өсуіне байланысты бірінен соң бірі жабылуда. Жапондардың негізгі тағамы, "Рамен индексі" туралы тілшіміз айтып береді.

Жапонияда осыдан 10 жыл бұрын раменды "тиынға тағам" деп атаған. Ол кезде бір кісілік рамен 500 иенге саудаланды. Содан бері өнім бағасы үш есе өсті. Оған қажетті ет, күріш, көкөніс, май мен соя соусының құны да қымбаттап кетті. Электр энергиясы өсіп, қызметкерлердің айлығы шайлығынан артылмай қалды. Токио мейрамханасының қожайыны ТайсЭй ХикАге шығындарын жабу үшін рамен құнын 1250 иенге көтеріп жіберді. Бірақ жылдам кеспе үшін бұл баға тым қымбат дейді, - жергілікті жұрт. 

Тайсей Хикаге, мейрамхана қожайыны:

- Ет пен сорпаға арналған сүйектің құны сіз қай бөлігін сатып алатыныңызға байланысты саудаланады. Біз қолданатын өнім тым қымбаттап кетті. Сол себепті бағаны көтеруге тура келді. Бастапқыда, біз күрішті тегін бердік. Қазір оны сатуға тура келеді. Өйткені құны екі есе өсті. Арзан әрі дәмді рамен сату қиынға соғып тұр. 

Кодзи Ёкояма, Токио қаласының тұрғыны:

- Кеспеге шошқа етін қосуды ұсынғанымда, бағасы үнемі 1000 иенге шығады. Қымбат болғанына қарамастан, солай тапсырыс беремін. Өйткені етсіз рамен дәмсіз болады. Жақында кеспенің құны 2 мың иенге көтерілсе таңғалмаймын.

Кейбір қоғамдық тамақтану орындары абыройына нұқсан келуі мен тұтынушыларынан айырылудан қорықпай тағам бағасын көтерген. Нәтижесінде Жапониядағы рамен сататын 50 нүкте өзін банкрот деп жариялады. Сарапшылар мұны нарыққа бейімделе алмаған кәсіп иелерінің сазға отыруы дейді. 

Тосихиро Нагахама, экономист:

- Мейрамханалар тауар мен қызмет ұсынатын басқа кәсіп түрлері сияқты шығындарын баға көтеру арқылы жабады. Өнімнің сапасы жақсы болса, сауда көлемі өсуі мүмкін. Ал табысы жоғары компаниялар жақсы жалақы төлеу арқылы құнды қызметкерлерін ұстап қала алады. Сонымен қатар жаңа кадрларды тартады. 

Рюсей Хаяно, консалтингтік компания қызметкері:

- Қымбатшылыққа үйреніп кеттім. Мәселен, қазір 1000 иеннен арзан раменді еш жерден таппайсыз. Көптеген нүктелер жабылып қалғанын білем. Бірақ мен бұл тағамды дәмді дайындайтын жерлер әрі қарай да жұмыс істей бергенін қалаймын. Сондықтан жақсы рамен үшін 1000 иеннен де артық төлеуге дайынмын.

Маусым айында жапон иенінің 1 долларға шаққандағы бағасы 160-қа жетті. Бұл 38 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі үш айда ұлттық валюта он пайызға нығайды. Бұдан кейінгі иен бағамы соңғы 17 жылда тұңғыш рет пайыздық мөлшерлемені көтерген орталық банктің саясатына тікелей байланысты. Сонымен қатар АҚШ-тағы президент сайлауының да әсері мол.

Әсия Нұрлыбаева, Тамерлан Ким