Өзбекстанда парламентке бес партия өтті

Өзбекстандағы Олий мәжіліс заң шығарушы палатасының сайлауы нәтижесінде парламентке 5 бірдей партия өтті.

Ұзын-саны 150 мандаттың 64-і либералды-демократиялық бірлестікке бұйырды. Яғни ол саяси дода жеңімпазы деп танылды. Екінші орын «Миллий тикланиш» партиясының еншісінде. Оның мүшелері алдағы 5 жыл бойы заң шығару палатасының 29 мандатына иелік етпек. Сондай-ақ Өзбекстанның экология, халықтық-демократия және «Адолат» социал-демократиялық партиялары Парламенттен еншісін иемденді. Сайлаудың алдын ала қорытындысына сай,дауыс беруге электораттың 74,72 проценті қатысқан. Оның барысында елдің прокуратурасы мен халықаралық байқаушылар тобы айтарлықтай заңбұзушылық анықтамаған. Айта кетейік, көрші елдегі маңызды саяси оқиғаны шетелдік 850-ден астам байқаушы қадағалады. Солардың қатарында Қазақстан парламенті сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов пен депутаттық корпус өкілдері болды. Еске салайық, бұл жолғы сайлау тұңғыш рет аралас, пропорционалды-мажоритарлық жүйе негізінде өтті.

Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары:

- Өзбекстандықтар ертеңгі күнге мол сеніммен қарап отыр. Осы жолғы сайлауда бірауыздан дауыс беріп, саяси салмағы зор күнді мерекеге айналдырды. Бірқатар учаскені аралап, соған көз жеткіздік. Қалай десек те көрші әрі бауырлас мемлекетте заң шығару палатасы қайта жасақталып, жергілікті кеңестер жаңарып жатыр. Осындай саяси институттар арқылы олар қоғам дамуына атсалысуда. Халықаралық аренада абыройы асқақ Өзбекстандағы атаулы оқиғаға байқаушы ретінде қатысқанымыз біз үшін зор мәртебе.