АҚШ-тағы президенттік сайлаудың ерекшеліктері қандай?

Қазір әлем назары аузын айға білеген алпауыт ел – АҚШ-қа ауған. Қараша айында бұл елдің 47-ші Президенті сайланады, деп хабарлайды 24kz.

Жаһанға ықпалын жүргізіп тұрған мемлекеттің өзіндік сайлау жүйесі бар.

Мысалға сайлаушылардың басым қолдауына ие болған үміткердің өзі саяси науқанда жеңіліп қалуы мүмкін. Америкадағы президенттік доданың ерекшеліктері қандай?

АҚШ заңнамасына сәйкес, президент сайлауы қарашаның алғашқы дүйсенбісінен кейін сейсенбі күні өтеді. Биылғы сайлау 5 қарашаға жоспарланған. Ал сайлау жүйесі бойынша президенттікке елдегі басым қос партияның үміткерлері ғана сайлана алады. Ол – Республикашылар және Демократтар партиясы.

Республикашылар – АҚШ-тағы консервативті саяси партия. Соңғы жылдары ол салықты қысқартуды, қару ұстау құқығы мен иммиграцияға қатаң шектеу енгізу мәселелерін қолдады. Республикашылар тарапынан сайланған бұрынғы президенттер – Джордж Буш, Рональд Рейган Ричард Никсон. Ал биылғы сайлаудағы партия үміткері – Дональд Трамп.

Демократтар – АҚШ-тың либералды саяси партиясы. Демократиялық партия азаматтық құқық, иммиграция және климаттың өзгеруі сияқты мәселелер бойынша либералды ұстанымға ие. Партияның бұрынғы президенттері – Джон Кеннеди, Билл Клинтон және Барак Обама. Ал биыл елдің қазіргі вице-президенті Камала Харрис партия намысын қорғайды.

АҚШ президенті атану үшін үміткерге халықтың басым даусына ие болу қажет емес. Азаматтар президент сайлауына дауыс берге нде келесі көшбасшының кім болатынын тікелей анықтамайды.

Натаниэль Биркхед, Канзас университетінің профессоры:

- Әр штатта сайлаушылардан құралған арнайы топ бар. Сол штатта көпшілік дауысқа ие болған үміткер алқа мүшелерімен кездесу өткізеді. Осылайша, барлық таңдаушының даусына ие болады.

Әр штаттан таңдалған алқа тізімінде 538 таңдаушы бар. Және олардың саны халықтың қоныстануына байланысты әр штатта әртүрлі.

Мәселен, халық саны жағынан ең ірі штаттар – Калифорнияда 55, Техаста 38, Нью-Йоркте 29, Флоридада 29 таңдаушы тіркелген. Ал Вайоминг сияқты халық аз қоныстанған штаттарда 3 таңдаушы бекітілген. АҚШ президенті атану үшін үміткерге 270 дауыс жеткілікті.

Сайлау тағдыры әдетте «ауытқымалы штаттарда» шешіледі. Биыл бұл тізімге 7 штат: Пенсильвания, Мичиган, Висконсин, Аризона, Невада, Джорджия және Солтүстік Каролина кірді. Әзірге Харрис жеті ауытқымалы штаттың бесеуінде Трамптан алда келеді. Ал Дональд Трамп Джорджия мен Аризона штаттарында шамамен 1%-тік көрсеткішпен озық келе жатыр.

Айта кетейік, қыркүйектің соңында АҚШ-тың кей штаттарында мерзімінен бұрын дауыс беру басталып кетті. Мәселен, Джорджия штатында сайлау учаскелеріне 328 мың дауыс беруші келіп, таңдауын жасады. Бұл – Америка тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Алдағы саяси дода талас-тартысқа толы болайын деп тұр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева