Израиль БҰҰ-ның БАПОР қызметін шектейтін жаңа заң қабылдады
Израиль билігі Біріккен ұлттар ұйымының Таяу Шығыс елдеріне көмек көрсететін БАПОР жұмысына тыйым салатын қарар қабылдады, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекеттік заң ұйымды лаңкестік топ деп танып, аймаққа кіруіне түбегейлі шектеу қоймақ. Израиль парламенті өз бақылауындағы аумақта БАПОР қызметін бұғаттауға бағытталған екі заң жобасы бойынша дауыс беру қорытындыларын мақұлдады. Аталған заң жобасын 92 депутат қолдап, 10-ы қалыс қалған. Осыған дейін Канада, Австралия, Франция, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания Израильдің БАПОР жұмысына тыйым салуына қарсы болған еді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те: «Құжат қабылданса, ол БҰҰ Жарғысына қайшы келеді, Израиль халықаралық құқық бойынша міндеттемелерін бұзады», - деп мәлімдеген болатын.